Қазақстандықтардың 93% отбасы құндылығын алдыңғы орынға қояды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен комиссия жұмысының жаңартылған жоспары мен регламенті бекітілді.

«Құжат еліміздің отбасылық, демографиялық және гендерлік саясаты саласындағы өзекті міндеттерді пысықтауға бағытталған бастамалар блогын қамтиды. Атап айтқанда ана мен бала өлімін азайту, жасөспірімдер арасында суицид пен буллингтің алдын алу, балалар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және гендерлік білім орталығын құру тағы сол сияқты мәселелер кіріп отыр», - деді Аида Балаева.

Сондай-ақ, жоспар бойынша ұлттық комиссия алаңында мемлекеттік органдарды тыңдау көзделіп отыр.

«Тыңдау барысында жеке тақырыптар анықталады. Оларды жұмыс тобының отырысы мен жиналыстарда талқылайтын боламыз. Сонымен қатар сараптамалық-талдау қызметінің аясын кеңейту қажет. Бейімдеу орталықтарында тереңдетілген әдістемелік қолдау көрсету ұсынылып отыр. Одан бөлек гендерлік зерттеулер ұсынылып, отбасылардың әлеуметтік картасы жасалады. Сол сияқты комиссия бюллетені дайындалады. Жалпы жобалық жоспарда комиссия мүшелерінің барлық негізгі ұсыныстары ескеріліп, секторлар жоспарына енгізілді. Биыл желтоқсан айында комиссияның келесі жылға арналған жұмыс жоспары қаралады, - дейді ол.

Сондай-ақ, жиын барысында балалар мен жасөспірімдерге рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесі қаралды.

«Отбасылық саясаттың басты міндеті – өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Әсіресе, білім беру мен отбасылық тәрбие өзекті болып отыр. Біз осы мәселе бойынша қазіргі жағдайды қарастырып, сала қатысты жұмыстың басымдықтарын анықтаймыз», - деп толықтырды Аида Балаева.

«Көтерілген әр мәселе ерекше назар аударуды талап етеді. Отбасылық құндылықтарға шолу жасау нәтижесінде азаматтар өміріндегі ең үлкен құндылық ретінде отбасын санайтыны анықталды. Азаматтардың 93%-дан астамы отбасы құндылығының маңыздылығын мойындап отыр. Екінші орында мансап – 49%, достар - 43%, бос уақыт -35%-ды құрайды. Осыған орай бізге коммуникация жүйесін қалай құру керектігін түсіну өте маңызды. Азаматтардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырмай елеулі өзгерістер енгізу мүмкін емес. Қазір Үкімет тұрғындардың кірісін арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бағытта біз де белсенді рөл атқарамыз. Қоғамды толғандыратын тағы бір маңызды мәселе – балаларды қорғау. Бұл жерде ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі, отбасылық дағдылар мен құндылықтар туралы айтуымыз керек. Мемлекет қанша жерден балаларға қолдау көрсеткенімен ата-ананың орнын алмастыра алмайтынын түсінуіміз керек. Әрине қиын немесе төтенше жағдайға тап болғанда мемлекет көмектеседі. Сонымен қатар ішімдікке, нашақорлыққа салынып, өмірден адасып, баз кешудің алдын алуда профилактикалық іс-шаралар маңызды. Бұл әсіресе жасөспірімдерге қатысты. Бізге халықтың психологиялық денсаулығын қолдаудың жаңа экожүйесін құру қажет», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов.

Оның айтуынша, ата-аналардың балаларын тәрбиелеуге мүмкіндіктері мен уақыты болуы керек.

Зерттеулерге сәйкес, ата-аналардың тек 32%-ы отбасымен бірге болып, бос уақытын балаларымен өткізуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, елімізде ата-аналардың 8%-ы ғана демалыс және мерекені балаларымен өткізеді екен.

«Бұл дегеніміз отбасы мен жұмыс арасында айтарлықтай теңгерімсіздік бар деген сөз. Бұны жою біздің алдағы басым міндет. Біз ұлттық комиссияның жұмысы аясында елдімекендерді бағалаудың бірлескен науқанын өткізуді ұсынғымыз келеді. Шалғай өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар жасауға болады. Бізге ата-аналарды, отбасы мүшелерін, мүгедек балалар мен ересектерді жұмысқа орналастыру мен әлеуметтендіру үшін жағдай жасау қажет. Сол арқылы қоғамда ерекше қажеттілігі бар адамдарға достық қарым-қатынасты қалыптастыруымыз керек», - дейді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов отбасылық құндылықтар елшілері институтын енгізуді ұсынды.

Одан бөлек, әйелдер мен қыздардың басқарушылық дағдылары мен мүмкіндіктерін дамыту бойынша кешенді жобаны іске қосу керектігін айтты.

«Осыған орай біз «Томирис» жобасын қолға алды. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде оқыту семинарларын, тренингтер өткізу жоспарланып отыр. Ол үшін алдымен лекторларды даярлауымыз қажет», - дейді ол.

Өз кезегінде Аида Балаева ұсынылған бастамалар әр бағыт бойынша нақты жұмыс топтарында пысықталуы керектігін еске салды.

«Алдымен уәкілетті орган ретінде өзіңіз ұсынған бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі болуыңыз керек. Бұл бастамалар нақты жұмыс топтарында бағыт бойынша зерттеліп, оларды жүзеге асыру алгоритмдері анықталуы тиіс. Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар мен басқа құзырлы мемлекеттік органдарды тарту қажет. Бүгін көтерілген барлық бастама маңызды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлескен науқан ұйымдастыруды қолдаймын. Өйткені, проблеманың алдын алу – бұл балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудан басталады. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-анасын жұмыспен қамту, мүгедек балалар үшін ақпараттың қолжетімді болуы да үлкен мәселе. Оның ішінде ата-ана да бар. Бұл бағытта нақты жұмыс істеу керек. Бұл мәселелерді шешуде тек азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар ғана кірісіп қоймай, сонымен қатар БАҚ-та белсене қатысуы тиіс. Елшілер институтын құру жақсы бастама. Оның нақты іске асыру тетігін айқындау қажет. Айтылған бастама сөз жүзінде қалмай іске асқаны дұрыс. Осылайша жұмыстың нақты нәтижеге бағытталуына күш салуымыз керек», - деп қорытындылады Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар