Қазақстандықтар өз еркімен 1 400 атыс қаруын тапсырды
«Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың 20 сәуірінен бастап өткізілген жыл сайынғы «Қару» акциясын аяқтады. Акция барысында азаматтар қару-жарақты ақылы түрде тапсырады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен биыл 95 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қару-жарақты өз еркімен тапсырғандарға оның техникалық жай-күйіне байланысты әр қару үшін айлық есептік көрсеткіштің оннан жүзге дейінгі сомасында төлем көзделген», - деді Нұрділдә Ораз министрліктің баспасөз алаңында өткен дәстүрлі брифинг барысында.
Ресми өкілдің атап өтуінше, атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізілді. акция аясында полицияға мыңнан астам тұрғын өз еркімен 1 400 атыс қаруын тапсырды.
«Оның ішінде 1 шолақ автомат, 197 ұзын ұңғылы қару, 3 тапанша, 1 мыңнан астам тегіс ұңғылы, 19 травматикалық қару, бір келіден жоғары жарылғыш заттар, сондай-ақ шолақ ұңғылы қаруға арналған 57 мың оқ-дәрі қабылданды», - деді ол.