Қазақстандықтар бұдан былай Шымкент әуежайында цифрлық жеке куәлігін пайдалана алады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Еліміздің азаматтары Шымкент әуежайында цифрлық жеке куәлігін пайдалана алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымкент қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті пайдалануға болады.

Бұған дейін мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларының әуежайларында қолжетімді болатын.

Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile қосымшасында авторландырылған пайдаланушы «Цифрлық құжаттар» бөліміне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдау қажет.

Әуежайдың тіркеу бөлімінде, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде сервисте жасалған QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.

Ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, отандық әуе компаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде пайда болды.

Цифрлық құжаттар қызметі пилоттық режимде жұмыс істейді және әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары арасында қолжетімді.

Осы әуежайлар қызметін пайдалануды жоспарлап отырған жолаушылардың пилоттық жоба кезінде жеке куәлігінің түпнұсқасын да өзімен бірге алып жүргені жөн болады.


Соңғы жаңалықтар