Қазақстандықтар ауыр дертке шалдыққан азаматқа бір күнде 19 млн теңге жинап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өткен «Мың алғыс» қайырымдылық концертінде бас-сүйек ісігі ауруына шалдыққан Самат Ақбергеновке 19 млн теңгеден астам қаражат сертификаты табысталды. Мұндай соманы қазақстандықтар радиоэфир және әлеуметтік желі арқылы бір күннің ішінде жинаған. Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазақ радиолары» ЖШС сілтеме жасап хабарлайды.

Қайырымды іске қаржы жинау радиомарафоны бір ай бойы өтті. Осы кезеңде қазақстандықтар арнайы ашылған есепшотқа ақша аударды. Акцияға волонтер әрі блогер Дәулет Төлеутай белсенді атсалысты.

Айта кетсек, кештің басты кейіпкері Самат Ақбергенов ота жасату үшін 18,5 млн.теңге қажеттігін айтып, «Қазақ» радиосына хабарласқан. 29 ақпанда, яғни ертең Самат ота жасату үшін Мәскеуге аттанады. Ол кеш барысында «Қазақ» радиосы мен блогер Дәулет Төлеутайға, оның әлеуметтік желідегі оқырмандарына жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ, тағы бір қоғамдық бірлестік Жансая Пішембайдың операциясына қажет 1 млн 200 мың теңге берді. 36 жастағы ер адам өрт кезінде екі қолын қатты күйдіріп алған. Былтырғы радиомарафонда жиналған қаражат оның бір қолына операция жасауға жұмсалған. Ал биыл жиналған сома оның әрі қарай емделуіне төленеді.

Кеш қонақтары да, басты кейіпкерлер де қайырымдылық адамзатты біріктіретін ұлы күш екенін сезініп, әр қуанышты сәтке баладай қуанып, тебіреніп отырды. Қайырымдылық шарасында залда арнайы жәшіктер қойылды. Оған жиналған қаражат та мұқтаж жандардың ем-домына жұмсалады.

Кештің телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан 1 наурыз 12:30-да көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар