Қазақстандықтар 2020 жылы қанша алтын құйма сатып алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ел тұрғындары 2020 жылы екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 890 келі, 21 099 алтын құйма сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық Банкте, Jýsan Bank пен Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ кейбір банктік емес айырбастау орындарында сатып алуға немесе сатуға болады.

2020 жылы ел азаматтары екінші деңгейлі банктерден және банктік емес жеке айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 890 келі болатын 21 099 өлшенген құймаларды сатып алды. Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда өсім 34%-ға жетті.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,57 тонна болатын 42 579 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалары 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық болып бес салмақта сатылған. Соның ішінде ең көп сатылғаны 100 грамдық құйма.

«Кері сатып алуға жалпы массасы 3,4 келі 131 құйма қабылданды. Алтын құймалар – инвестициялаудың сенімді құралы бола алады. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы»,– деп хабарлады Ұлттық банк.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт), сонымен бірге құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және қаптамасының ашылған-ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныш қаптамасы да құйма сапасының сертификаты саналады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтап, қаптамасын ашпаған дұрыс.


Соңғы жаңалықтар