Қазақстандықтар 1 мыңнан астам қару-жарақты полицияға тапсырған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардан қару-жарақ пен оқ-дәрі сатып алып жатыр. Бұл туралы аталған ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша республикалық акцияны жалғастырып жатыр. Қару-жарақты өз еркімен тапсырғаны үшін қарудың жай-күйіне қарай әрқайсына 10-нан 100-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем көзделген. Қазіргі таңда полицияға ерікті түрде 1093 атыс қаруы тапсырылды», - деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда министрлік заңсыз сақталған қару-жарақ үшін жауапкершілік барын еске салды.

«Тапсырылған қару-жарақтың ішінде 1 автомат, 167 ойық ұзын ұңғылы, 4 ойық қысқа ұңғылы, 910 тегіс ұңғылы, 11 травматикалық, 5 жарылғыш құрылғы бар. Одан бөлек, 8 мыңнан астам патрон алынды. Естеріңізге сала кетейік, қару-жарақ заттарын қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізіледі», - дейді ол.

Бұған дейін министрлік өкілі паспортқа неліктен чип жапсырылатынын түсіндіріп өтті.


Соңғы жаңалықтар