Қазақстандық жол: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрмелер сериясы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы кітапханасының музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстандық жол» жобасы іске қосылады. Астана күні қарсаңындағы жоба «Арман қала» көрмесінен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық жол» жобасының негізгі идеясы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық кезеңіндегі аймақтардың дамуына панорамалық шолу. 2021 жылдың соңына дейін елордадағы ҚР Президентінің бірінші резиденциясындай тарихи ғимаратта еліміздің барлық аймақтарына арналған іс-шаралар өтеді.

«Арман қаласы» көрмесі қала әкімдігімен, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві мен ҚР ұлттық архивімен, «Астанагенплан» ҒЗЖИ ЖШС мен «KazExpoCongress» АҚ-мен серіктестікте ұйымдастырылды. Көрме – Елбасы жеке архивінің, Елбасы кітапханасы музейі мен кітап қорының материалдары негізінде астананың қалыптасуы мен даму тарихын кешенді зерттеудің нәтижесі.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан сіздерді «Арман Қала» көрмесінің ашылуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ел астанасы – алтын бесік, әр мемлекеттің жүрегі. Бүгін көрменің ашылуына еліміздің белгілі қайраткерлері, құрметті азаматтары қатысады. Көрме өте қызықты және мазмұнды етіп жасалған. Экспонаттар еліміздің тарихы мен болашағын бейнелейді», - деп атап өтті елорда әкімінің орынбасары Ермек Қизатов.

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың айтуынша, жыл соңына дейін Тұңғыш Президент Музейінде барлық 17 өңірдің тақырыптық көрмелер сериясы ұйымдастырылады.

«Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қазақстан жолы» республикалық көрме жобасын іске қосамыз. Елорда күні қарсаңында басталатын ауқымды экспозиция Елбасының басты саяси жобасы – Нұр-Сұлтан қаласы туралы баяндайды. 2019 жылы 23 наурызда Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақстан жетістіктерінің жарқын бейнесі. Тұңғыш Президенттің ел астанасын көшіру туралы шешімі халық үшін үлкен тарихи маңызға ие. Осылайша Еуразияның орталығында ірі экономикалық және саяси, мәдени және білім беру орталығы пайда болды», - дейді Бақытжан Темірболат.

«Арман Қала» көрмесі екі бөлімнен тұрады: «Нұр-Сұлтан – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы» бөлімінде жаңа астананы салу бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамалары мен идеялары туралы материалдар ұсынылған. Архивтік құжаттар мен фотоматериалдар негізінде көрермендер әлемдік қауымдастық үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының индикаторы болған жаңа астананың қалыптасу тарихымен, қазақстандық даму жолының бірегей бейнесімен танысуға мүмкіндік алады.

Ал «Нұр-Сұлтан – дипломатия және бітімгершілік орталығы» бөлімі Нұр-Сұлтан қаласында өткен, жас астананың және тұтастай мемлекеттің халықаралық мәртебесін нығайтуға ықпал еткен, жаһандық ауқымдағы маңызды оқиғалар туралы материалдар кешенімен таныстырады.

«Арман қала» көрмесі 8 тамызға дейін жалғасады. «Қазақстандық жол» жобасының қорытынды көрмесі Тәуелсіздік бесігі – Алматы қаласына арналмақ. Шара Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарланған.

2021 жылдың шілдесінен желтоқсанына дейін елорда тұрғындары мен қонақтары 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасының барлық өңірінде орын алған өзгерістер призмасы арқылы Тәуелсіздік тарихын көре алады.


Соңғы жаңалықтар