Қазақстандық велоспортшылар турнирлерге қатысудан бас тартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» велокомандасы әлемде коронавирустың таралуына байланысты алдағы 15 күнде өтетін жарыстарға қатысудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметіне сәйкес, команда мүшелері бүгіннен бастап 20 наурызға дейінгі турнирлерге қатыспайды. Команда менеджменті мен дәрігерлер бірлесе отырып осындай шешім қабылдаған.

«Бұл қадам арқылы велоспортшылар мен команда қызметкерлерінің денсаулығын сақтауды көздейміз. Коронавирустың әлем бойынша қарқын алғаны бізді алаңдатып отыр. Әрине, біз барлық жарысқа қатысуды көздегенбіз. Бірақ біз үшін спортшылардың денсаулығы маңызды. Алда өте маңызды ірі жарыстар тұр. Бұл өте қиын шешім, дегенмен, өз спортшыларымызды қорғауымыз қажет», - дейді бас менеджер Александр Винокуров.

Солайша, «Астана» командасы «Страде Бьянке», «Париж – Ницца» және «Тиррено – Адриатико» турнирлеріне қатыспайтын болды.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті отандық спортшыларды коронавирустан сақтандыру үшін ахуалдық штаб құрып, жарыс кестелерін қайта қарап жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар