Қазақстандық теннисшілердің Astana Open турниріндегі қарсыластары белгілі болды
Қазақстан астанасында алғаш рет өткелі отырған әлемдік жарысқа еліміздің барлық бетке ұстар теннисшілері қатысады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 223-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен өткізеді. А.Бублик осының алдында Санкт-Петербургте тартысты матчта қарсыласын тізе бүктірген болатын.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 89-сатыдағы Михаил Кукушкин әлемнің 76-ракеткасы, аргентиналық Федерико Дельбониспен шеберлік байқасады.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов және әлемнің бұрынғы 18-ракеткасы, италиялық Андреас Сеппи негізгі додаға арнайы шақырту алды. Бұл – әлемнің 173-ракеткасы Д.Попко мен рейтингте 450-орында тұрған 19 жастағы Т.Скатов үшін үлкен мүмкіндік.
Д.Попко бірінші айналымда әлемнің 83-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен кездеседі. Ал Т.Скатовтың қарсыласы іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі болмақ.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасының мүшесі, рейтингте 372-орындағы Денис Евсеев іріктеу сайыстарына жолдама алды. Ол 25 қазанда басталатын іріктеу додасының жартылай финалында әлемнің 117-ракеткасы, аустралиялық Марк Полманспен күш сынасады. Іріктеу сынына қатысатын тағы бір қазақстандық, 332-сатыдағы Александр Недовесов әлемнің 114-ракеткасы, босниялық Дамир Джумхурмен кортқа шығады.
Astana Open додасы 1 қарашада мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аустриядағы Линц турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.