Қазақстандық теннисшілер Хорватиядағы турнирдің финалында ұтылып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Загреб (Хорватия) челленджер турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы доданың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандықтар финалда америкалықтар Эван Кинг – Хантер Риспен бас жүлдені сарапқа салды.

Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын, 2020 жылдың қаңтарында қарсыластар Таиланд жарысының ширек финалында кездескен болатын. Онда А.Недовесов пен А.Голубев 7:5, 6:1 есебімен америкалықтарды ұтқан еді.

Қазақстандық жұп осындай челленджер турнирлерінде алты титулды иеленсе, соңғысын биылғы сәуірде Хорватияның Сплитінде жеңіп алған болатын.

Бұл жолы Загребте америкалық жұп қарымта қайырып, 6:2, 7:6 (7:4) есебімен ұтып кетті.

Бәсеке 1 сағат 25 минутқа созылды.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 103-ракеткасы Михаил Кукушкин жекелей сында Женева ATP турнирінің іріктеу сайысында дүниежүзілік рейтингте 166-орында тұрған чилилік Алехандро Табилодан 3:6, 1:6 есебімен ұтылып қалды.

Денис Евсеев Босния және Герцоговинада өтіп жатқан ITF жарысының жартылай финалында босниялық Алдин Шеткичке 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді.

Әйелдер арасында қазақстандық Анна Данилина Парма (Италия) WTA жарысының іріктеу сайысында канадалық Ребекка Маринодан (3:6, 1:6) аса алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Хорватиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар