Қазақстандық теннисші Литвада өткен жарыста абсолютті чемпион атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев Литва астанасы Вильнюсте өткен ITF турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста Д.Евсеев жекелей және жұптық сында үздік шықты.

Алдымен Денис белоруссиялық Иван Лютаревичпен бірге жұптық сын финалында мажарстандықтар Фабиан Марожан мен Петер Файтты тартысты матчта 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.

Д.Евсеев жекелей сында финалда финляндиялық Отто Виртаненді 5:7, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен ұтып, чемпион атанды.

Осылайша Д.Евсеев ITF додаларындағы 18-інші (соның 8-і жекелей сында) титулына қол жеткізді.

Литвадағы осы табысының арқасында Денис алдағы дүйсенбіде әлемдік рейтингіде 349-орынға көтеріледі.

Сондай-ақ Дамир Жалғасбай Минск қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe турнирінде сәтті өнер көрсетті.

Д.Жалғасбай әуелі белоруссиялық Станислав Балибенкомен бірге жұптық сын финалында Владимир Кадобине (Беларусь) – Артемий Лазаревті (Ресей) 6:0, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал жекелей сында соңғы бәсекеде ғана ресейлік Алексей Фроловқа есе жіберді – 4:6, 1:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның жұптық сында үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Александр Недовесов үшінші айналымға шыға алмады.

Сондай-ақ Аустралия ашық чемпионатында қос қазақстандық жасөспірім теннисші бақ сынайды.


Соңғы жаңалықтар