Қазақстандық суретші түркі мифологиясы негізінде иллюстрация жасайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мифтік тұлпар, өмір ағашы, Үркер жұлдызы. Түркі мифологиясындағы осы образдар туралы не білеміз? Instagram желісінде Erke лақап атымен танымал суретші Жанар Ерланқызы авторлық иллюстрацияларында әр мифтік образдың мағынасын ашып көрсеткен. Ол түркі мифологиясына қатысы бар оқиғалардың қазақы сарындағы иллюстрациясын жасайды. Жанар Ерланқызы ҚазАқпарат тілшісіне идея қалай туатындығы, әртүрлі сипаттағы иллюстрациялар қалай жасалатыны туралы айтып берді.

Жанар Ерланқызы сурет салуға бала кезінен әуестенген. Ол 6 жасынан бастап Есік қаласындағы өнер мектебіне барған. 9 сыныпта болашақта суретші болатынын түбегейлі түсінген. Арман қуған ол Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясы колледжіне түседі. Одан кейін академияда оқуын жалғастырып, өзі таңдаған сала бойынша магистратураны тәмамдаған.

«Сурет салу - менің сүйікті ісім. Мен мифология, мифологиялық кейіпкерлерге қатты қызықтым. Осы тақырыпқа қатысты фильм көп көріп, осыған қатысты кітапты да көп оқитынмын. Швецияға көшіп кеткен кезде түркі мифологиясына қатысты сурет салу туралы идея келді, себебі бұл өте қызық тақырып», - дейді Жанар Ерланқызы.

Жанар бұл тақырыпқа қатысты сурет салған кезде өмір жолын түркі мифологиясын зерттеуге арнаған Серікбол Қондыбайдың еңбектерін негізге алады.

«Алдымен көз алдыма образ келіп, одан кейін барып сол образға қатысты ақпарат іздейтін кездерім болады. Кейде әлдебір кейіпкер туралы оқығаннан кейін шабыт келеді. Иллюстрацияларым қазақы сарында, себебі ол менің жаныма жақын. Бұл - мен және менің өткенім. Мен қазақы салт-дәстүрді ұстанатын ортада өстім, сондықтан менің болмысым өзгермейді», - дейді ол.

Ол иллюстрация жасауға кейде бірнеше сағат, кейде бірнеше апта керек екенін айтты. Бәрі ниетке, шығармашылық шабытқа байланысты.

Мысалы, «Иггдрасиль» иллюстрациясында ол өмір ағашын ағаш түбінде отырған қыз образында суреттеген. Іштей тілек айтып, ағашқа байласа - тілек орындалады деген ырым бар.

«Иггдрасиль – өмір ағашы, ол жоғарғы - Аман, ортаңғы - Абақ және төменгі - Тана атты үш әлемді біріктіреді. Өмір ағашы басқа әлемге жол ашатын жер», - дейді Жанар.

Тағы бір аңыз қанатты тұлпарға байланысты. Тәңір мұндай тұлпарды таңдаулыларға ғана береді. Әдетте тәңір ақ түсті тұлпар береді, бірақ Күңкеде қара түсті Арлан атты тұлпары болған. Иесінің өмір жолы аяқталуға таяған кезде тұлпар аққуға айналып, көкке ұшып кетеді-міс», - дейді ол.

Оның айтуынша, мифтік тұлпар жүріп өткен жолында із қалдырмайды, ал із қалдырса ол жердің сиқырлы қасиеті болады деген наным бар. Ондай ізді «Періште ізі» деп атайды.

«Үркер - 7 қыз, оның біреуін Жеті қарақшы алып қашқан деген аңыз бар. Жеті қарақшы жұлдызы жұлдыз боп жаралғалы аспан әлемінде қарақшылығын тоқтатқан емес, ұрлыққа қолы да жеткен емес. Мәңгі осылай айналыспен кете береді деген де аңыз бар. Тағы бір аңызда Үркер - жалғыз қарындасын Жеті қарақшы алып қашқан алты ағайынды деп сипатталса, тағы бір аңызда Үркер - қызын Жеті қарақшы алып қашқан хан ретінде сипатталады», - дейді суретші.

Тағы бір қызықты иллюстрация – «Аққу мен Пері» деп аталады. Қазақ – «ақ қаз» яғни «аққу» деген ұғымды білдіретіні туралы түсінік те бар.

Ал «Көкбөрі мен Күнке қыз» иллюстрациясы арқылы суретші түркі тайпаларын қорғаушы Көкбөрі туралы айтады.

«Көкбөрі, көкжал бөрі деген сөздің қою-сұр түске еш қатысы жоқ. Бұл сөз Көкбөрінің көк аспанмен байланысы бар, тәңірдің өзі қолдайтындығының белгісі. Бұрын түркі тайпаларының туында міндетті түрде Көкбөрінің бейнесі болған. Көкбөрі - батырлықтың символы. Қазақ халқы ержүрек, батыр жігіттерді көкбөріге теңеген», - дейді ол.

Сондай-ақ, суретші өз туындылары арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалардың құқығын қорғау сияқты әлеуметтік тақырыптарды да қозғайды.

«Мен өзімді адам құқығы үшін күресетін феминист санаймын. Адамдардың құқығын бұзу, әсіресе әйелдердің құқығы қорғалмауы менің көңіліме жақпайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық кодекспен емес, әкімшілік кодекс бойынша қаралатынын естігенде таң қалдым. Мен иллюстрацияларым арқылы осы ойымды да жеткізгім келеді. Сурет салу - өмірімнің бір бөлшегі, өнерсіз мен - мен емес», - дейді Жанар Ерланқызы.



Соңғы жаңалықтар