Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton-нан шақыру алды

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінде қызмет етуге шақырту алды. Анейля Ибраимова Ұлыбритания, Оңтүстік-Африка мен Ирландиядағы танымал сауда желілері мен сәнқойларға арнап қол сандықтарын безендіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 жастағы жас талант Анейля Қарағандының тумасы, соңғы он жылдан бері Лондонда тұрады. Сурет өнерін осы жақта меңгерген. Екі жыл бұрын әйгілі Louis Vuitton сән үйіне қарапайым сатушы болып жұмысқа тұрған ол, кейін дизайнер ретінде байқауда бақ сынап көреді.

«Екі айға созылған қатал іріктеуден өттім. Ұлыбритания және Еуропа елдерінің суретшілері арасынан таңдап алынған 17 дизайнердің бірі болғаныма шексіз ризамын. Әртүрлі идеяларды дүниеге әкелеміз. Клиенттердің назарын аудару үшін және Louis Vuitton саудасын жүргізу үшін креативті ұсыныстар дайындаймыз», - дейді жас суретші.

Қылқаламның хас шебері қазір Louis Vuitton-ның әйгілі қолсандықтарын безендіреді. Жалпы сән үйінің шеберханасына кіруге рұқсат жоқ - өндірістік құпия. Бірақ Анейля бізбен жеке қорындағы фотолармен бөлісті.

Айнеляның әрбір суреті қайталанбас дүние. Сондықтан оларды сатып алуға танымал тұлағалар да, өнерге құштар жандар да асық. Мына бір қолсандықта Виктория патшайымның тәжі бейнеленген. Қылқалам шебері оны түпнұсқаға ұқсатып, дәлме-дәл жеткізуге тырысқан.

Анейляның анасы Зәуре Мұхамадиева Лондонда консалтинг саласында еңбек етеді. Бастапқыда қаржыгер болуын қалаған ол қызының шығармашылыққа жақын екендігін байқап, жүрегі қалаған мамандыққа беріпті.

«Қызымның осындай дәрежеге жеткеніне өте ризамын. Негізінен, бұл оның жеке басының жетістігі. Ол - өте еңбекқор адам. Әрдайым мақсатына жетуді көздейді және жетеді. Өмірде бастысы жалқауланбау керек. Биік мақсаттар қойып, ұмтыла білу қажет. Шетелде бәсекелестік өте жоғары. Бірақ адам еңбек етіп, ұмтыла білсе, әрдайым мақсатына жетеді. Барлықтарыңызға айтарым, жас дарындарды қолдай білейік», - дейді Анейляның анасы, жеке кәсіпкер Зәуре Мұхамадиева.

Анейля жеке шығармашылығын да дамытып келеді. Ол күзге қарай Лондонда өз көрмесін ашуды жоспарлап отыр. Жеке туындыларын қайырымдылық аукционына шығарып, одан түскен қаражатты жергілікті ғибадатхананы жөндеу жұмыстарына жұмсамақ.

Суретші туған жерімен де байланысын үзбеуге тырысады. Болашақта Қазақстанда жеке көрмесін ашқысы бар. «Мен әрдайым Қазақстанмен байланыста болғым келеді. Өйткені Отаным мені қанаттандырады және патриоттық сезімім ешқайда кетпек емес», дейді Анейля.


Соңғы жаңалықтар