Қазақстандық спортшылар Олимпиадаға дайындықты жалғастыра береді - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылар Қазақстанда оқу-жаттығу жиындарына қатыса беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты спорт саласында да нақты шешімдер қабылданды. Біріншіден, спортшылар шетелге шықпайтын болды. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер мемлекеттік спорт мектептерінің сабақтары тоқтатылады. Фитнес және жаттығу залдарының, спорт кешендерінің қызметі тоқтатылады. Жалпы төтенше жағдай кезінде барлық спорт түрі бойынша іс-шаралар болмайды», - деді Өркен Бисақаев ОКҚ-да өткен онлайн-форматтағы баспасөз мәслихатында.

Мәдениет және спорт министрлігіне қазіргі таңда «Барыс» хоккей командасы бойынша сұрақтар түсіп жатқаны атап өтілді. Клуб басшылары өз сайтында команданың «Гагарин» кубогына қатыспайтынын жариялаған. Бірақ құрлықтық хоккей лигасы әлі ресми мәлімдеме жасамады.

«Сонымен қатар Олимпиада ойындарына қатысу туралы сұрақтар көп. Ол бойынша қазіргі уақытта лицензияланған турнирлер кейінге қалдырылуда. Шетелде жүрген спортшылардың бәрін Қазақстанға қайтарып жатырмыз. Қазақстан аумағында оқу-жаттығу жиындарын өткізу мәселесі әлі пысықталуда. Себебі Токиода өтетін Олимпиада ойындарын өткізу туралы мәселе өз күшінде. Сондықтан спортшылар спорттық формаларын сақтауы үшін дайындық жүргізуін тоқтатпау туралы шешім қабылдап жатырмыз», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар