Қазақстандық спортшы Герман Гмайнер сыйлығының ақтық кезеңіне өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Параолимпиада спортшысы қазақстандық Әлия Раева қоғамның дамуына қосқан үлесі және жетістіктері үшін Герман Гмайнер сыйлығын алуға дауыс берудің ақтық кезеңіне өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетім балаларға арналған отбасылық үлгідегі SOS-балалар ауылы ұлттық кеңсесінен мәлім еткендей, жеңімпаз дауыс санына қарай анықталады. Әлия қазір екінші орында, бірақ оған мына сілтеме арқылы дауыс беріп, алға шығуына көмектесуге болады.

«Әлия Алматыдағы SOS-балалар ауылында өскен. Оған дүниеге келген кезде балалар сал ауруы диагнозы қойылған, осыған байланысты ол жастайында бірнеше ауыр ота жасатты. Дәрігерлер қыздың жүре алмайтынын айтқан. Бірақ, жақындарының қолдауы мен өзінің ерік-жігерінің арқасында бұл диагнозды жеңіп шықты. Әлия аяққа тұрып, толықтай білім алды, сүйіктісін кездестіріп, отбасын құрды. Қазір жұмыс істеп жатыр, алға жаңа мақсаттар қойған. Ол қазір қоғамдық ұйымда жұмыс істеуде, басқа адамдарға қол ұшын созып жүр. Әлияның бастан өткерген оқиғасы Герман Гмайнер сыйлығын ұйымдастырушыларын таңғалдарды. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан 200 үміткердің арасынан финалға шықты. Дауыс беру 23 шілдеге дейін жалғасады. Егер Әлия жеңіске жетсе, бұл сыйлық тарихындағы Қазақстан мен ТМД өкілінің алғашқы жеңісі болмақ», - деді қордан.

Айта кетсек, Герман Гмайнер сыйлығы SOS балалар ауылдарында өсіп, қандай да бір салада: спорт, шығармашылық, кәсіби қызметте жетістікке қол жеткізген адамдарға беріледі. Сыйлық екі жылда бір рет екі жеңімпазға – ең көп дауыс жинаған ер адамға және әйелге беріледі. SOS балалар ауылдары – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ұзақ мерзім бойы тәрбиелейтін отбасылық модель.

Алғашқы SOS балалар ауылын 1949 жылы Имст қаласында (Аустрия) аустриялық педагог Герман Гмайнер құрды. Бүгінде SOS балалар ауылдары әлемнің 136 елінде бар. Қазақстанда SOS балалар ауылдары 1994 жылдан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Теміртау қалаларында жұмыс істейді.

Еске салсақ, Герман Гмайнер халықаралық сыйлығының финалына шыққан Әлия Раева отандастарынан қолдау күтетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар