Қазақстандық шаруалар егін алқабын ерікті түрде сақтандыра алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына ерікті сақтандыру жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлімдеді.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа заң күшіне енеді және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге міндетті сақтандыру қажет болмайды. Олар өз егінін ерікті түрде сақтандырады және сақтандыру компаниясын өздері таңдайды. Ол үшін арнайы сақтандыру өнімдері әзірленеді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әр өңірде түрлі нормативтер мен өтеу проценттері белгіленеді.

«Қазір «Егін саласындағы міндетті сақтандыру туралы» заң бойынша, орташа сақтандыру тарифі гектарына 80-120 теңге аралығында өзгеріп отырады. Яғни, табиғи өзгерістен егініңіз шықпаса, Солтүстік Қазақстанда гектарына 3 400 теңге ғана өндіріп аласыз. Бұл шығынды еш өтей алмайды, себебі шаруа дән егу үшін ең кемі 20 мың теңге жұмсайды», - деп түсіндірді Рүстем Құрманов.

Ал ерікті сақтандыруда нарыққа сәйкес тариф құрылады және сақтандыру өтемі көбірек төленеді.

«Сақтандырудың алдын ала есебі бойынша, солтүстік өңірде бидай алқабының әр гектарын 1200-1500 теңгеге сақтандыруға болады. Мұнда егін жоғалып, сақтандыру жағдайын қолдану керек болса, шаруа әр гектары үшін 30 мың теңге өтемақы ала алады», - деді Рүстем Құрманов.

Соңғы жаңалықтар