Қазақстандық өнертапқыш баланың денсаулығын бақылайтын смарт-білезік ойлап тапты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Қазақстандағы алғашқы балалар смарт-білезігінің авторы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараздық Мөлдір Айжарық өзінің өнертабысын «Your friend» деген атау берді. Ол импульсті, температураны, сондай-ақ баланың геолокациясын қадағалай алады және бұл туралы ата-анаға хабарлама жібереді.

«Мен бұл бизнес-жобаны 11-сыныптан бастап жетекшім Әлия Жусанбаеваның көмегімен экономика сабағында жасай бастадым. Қоғамның проблемаларын зерттей отырып, көптеген ата-аналар баласының денсаулығына жеткілікті уақыт бөле алмайтындығын байқадым, өйткені олар көп уақытын жұмыста өткізеді. Осы орайда маған балалардың денсаулығын бақылайтын және ата-анасына мәлімет жібере алатын смарт-білезік жасау идеясы келді, – дейді Мөлдір.

Мөлдір Айжарық «ZhasCamp Accelerator» әлеуметтік жобаларды дамыту бағдарламасының түлегі. Осы бағдарламаның арқасында оқушы қыз өзіне тәлімгер тапты. Ол – қазақстандық ғалым және «Technologies Lab» бас директоры Тимур Рыспеков. Ментордың жетекшілігімен Мөлдір код жазып, құрылғының жұмыс прототипін жасап шыққан.

Алайда, жақында «Apple» компаниясы дәл осындай мүмкіндіктері бар ақылды сағаттардың жаңартылған нұсқасын ұсынды. Содан кейін команда өз алдына өнімді бәсекеге қабілетті ету міндетін қойды. Олар білезікке газдың ағып кетуіне жауап беретін сенсор мен көру қабілеті нашар балаларға арналған заттар сенсорын қосты. Сондай-ақ, Мөлдір ойлап тапқан құрылғы пайдаланушы сенсорларды өз қажеттілігіне сай ауыстыра алатындығымен ерекшеленеді. Әзірге тек өндіріс пен жобаны одан әрі дамыту үшін инвестициялар тарту ғана қалып отыр.

Жоба 3 жастан 8 жасқа дейінгі балаларға арналған. Автордың айтуынша, олар осы жаста осал және көбінесе ата-анасының қарауынсыз қалады. Енді Мөлдір мақсатты аудиторияны кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды да қамтуды жоспарлауда.

Қазір жас өнертапқыш бизнес-жоспар бойынша белсенді жұмыс істеуде, ал университетке түскеннен кейін әртүрлі мамандық студенттерінен жобалық топ құрғысы келеді.


Соңғы жаңалықтар