Қазақстандық мамандар Сардоба су қоймасына аудит жүргізу үшін Өзбекстанға барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық тарап Сардоба су қоймасын одан әрі жою бойынша позицияны ұстанатын болады. Бұл туралы Мәжіліс депутатының ресми сауалына берілген ҚР Премьер-Министр Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты осы жылдың 8 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиеев телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Мемлекеттер басшылары трансшекаралық өзендердің ресурстарын бірлесіп басқару және пайдалану тетіктерін жетілдіру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Мәселен, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының Президенттері қол жеткізген уағдаластықтарды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевтің және Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Ш.Хамраевтің деңгейінде екі кездесу, сондай-ақ видео-конференция байланыс форматындағы бір кездесу өткізілді», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, аталған кездесулердің барысында қазақстандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Сардоба су қоймасына техникалық аудит жүргізу және 1991 жылдан бастап салынған және қайта жаңартылған су объектілеріне тексеру (мониторинг) жүргізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

«Бұл ретте, қазақстандық тарап Сардоба су қоймасын одан әрі жою бойынша позицияны ұстанатын болады. Сонымен қатар, шешім техникалық аудит нәтижелері бойынша қабылданады. Осыған байланысты, тараптар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасын әзірлеп, оған проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған іс-шараларды қоса отырып, қол қойды», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Жол картасына сәйкес биыл Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының аумағында 1991 жылдан кейін салынған су шаруашылығы құрылыстарына тексеру жүргізу көзделген.

«Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тәжірибелі сушылар мен жобалаушы инженерлер қатарынан қазақстандық сарапшылар бөлігінің құрамын қалыптастырды. Қыркүйек айында қазақстандық сарапшылардың 1991 жылдан кейін салынған су шаруашылығы құрылыстарына тексеру жүргізу және Сардоба су қоймасына техникалық аудит жүргізу үшін Өзбекстан Республикасына баруы күтілуде», - деді Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, 2020 жылы 2 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, елді мекендер, коммуникациялық желі, егістікке зақым келген. Соның салдарынан Түркістан облысында 4 ауылды су басып, 620 үй бүлінді. Мақтарал ауданында 2 мамырда түнгі 00:00-де төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ, Өзбекстанда Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар