Қазақстандық мамандар ай сайын коронавирусты анықтайтын 50 мың тест жасауға қауқарлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше коронавирусты анықтайтын тест жүйесін әзірлеген қазақстандық ғалымдарды құттықтаған болатын. Ғалымдардың бұл прогресіне Мемлекет басшысымен бірге дүйім жұрт қуанып отыр. Осы ретте отандық тесттер жайлы ҚР ДСМ ұлттық сараптама орталығының бас директоры Арнұр Нұртаевты әңгімеге тартып көрген едік.

«Сізбен сөйлеспес бұрын мына бір мәселеге назар аудартқым келеді. Қазір адамдар өте маңызды ақпараттарды кейде жіті түсінбей, кейде басқа мәліметтермен шатастырып алып жатыр. Сол үшін сізге бұл істің мәнісін түсіндіріп берейін. Маңызды екі бағыт бар: оның бірі – диагностика, екіншісі – скрининг. Яғни диагностика бізге коронавирус жұқтырған адамды анықтауға мүмкіндік береді. Диагностиканы жүргізу үшін полимеразалық тізбек реакциялы тесттерді (ПТР тесттер) пайдалану керек. Яғни бұл – лабороториялық зерттеу. Коронавирус жұқтыруы мүмкін деген адамның мұрнынан алған тест лабороторияға жөнелтіледі. Онда нәтиже шығады. Адамнан алынған тесттен осы кезде коронавирустың көшірмесі табылуы мүмкін. Вирус көбейгеннің үстіне көбейіп белгілі бір мөлшерге келген кезде ағзаға шабуыл жасай бастайды. Осы вирусты ПТР тесттер анықтайды. Олардың дәлдігі өте жоғары. Ол тіпті вирустың 100 көшірмесіне дейінгі мөлшерін таба алады. Яғни біз тестілеумен айналысып жатырмыз деген кезде жұғындыны аламыз да лабороториялық жағдайда оның нәтижесін шығарамыз.

Вирус белгі бермей өтіп кетуі де мүмкін. Алайда тестілеу барысында коронавирус инфекциясы мұрын қуысына енді ғана түскен адамдарды да анықтап жатырмыз. Егер вирус тек мұрын қуысынан табылып, ары кетпегені белгілі болса – ол кісі әлбетте ауырмауы мүмкін.

ПТР тесттер инкубациялық деңгейде жатқан, ауру белгілері анықталмаған адамдардан да вирусты анықтауға қауқарлы.

Адам ауырған кезде оның ағзасында антидене (микроағзалар бөлетін токсиндерді жоятын қан плазмасы) пайда болады. Антидене дегеніміз – аталған вирусқа қарсы иммунитет. Иммунитет өздігінен вирусқа қалай төтеп беруді уақыт өте келе ұғады. Бұл жағдайда адам ауырмауы яки сырқатты жеңіл көтеруі мүмкін. Қазір меценаттар сатып алып, ірі қалаларға таратып жатқан экспресс-тесттер ағзадағы антидененің барын анықтайды. Экспресс-тесттер вирусты таба алмайды. Олар диагностикадан кейін біршама уақыттан кейін қолданылады. Экспресс-тесттер халықты скринингтен өткізу үшін қажет.

Яғни әу бастан айтып, түсіндіріп кеткім келетіні: экспресс-тесттер мен ПТР тесттер дегеніміз – екі түрлі нәрсе. Оларды шатастырмау керек.

- Тест қанша уақыт дайындалды? Оны дайындауға қандай мамандар тартылды?

- Мына жағдайды ұғу керек: Қазақстанда ешкім экспресс-тесттерді ойлап тапқан жоқ. Алматыдағы биотехнологиялық орталық өте аз уақыттың ішінде вирусты анықтау үшін ПТР-тесттерді ойлап шығарды. Ол қолда бар шикізатпен жасалды. Әлемге пандемияны жариялай салысымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы тесттерді қалай жасау керектігі туралы нұсқаулықты мемлекеттерге таратқан болатын. Сол стандарттарға сәйкес бүкіл әлем өз тесттерін жасады. Қазақстан 2020 жылдың қаңтар айының соңында 2500 тестті жасап шығарып, бірден пайдаға жарата бастады.

Осыдан кейін біздің ғалымдар тесттерді толыққанды сипатта қолданысқа енгізді. Тіпті оны өзге мемлекеттерге сата алатын дәрежеге жетіп қалдық. Бұған дейін Қытай елінен ПТР тесттерді сатып алып келген едік. ПТР тесттер қазір «мая-мая шөп ішіндегі инені жарты сағатта табатын құрал» деген сипатқа ие болып отыр. Яғни адамның бойындағы микроағзалардың ішінен ПТР вирусты тауып алуға қауқарлы.

ПТР тесттер шығарылған кезде біз оны дұрыстап тексеріп, талдап барып, жұмысқа кірістіргенімізді айта кету керек. Олар талаптардың бәріне сай болып шықты.

- Пайызбен есептегенде ПТР тесттердің вирусты анықтау мүмкіндігі қаншалықты?

- Мұрыннан алған жұғындыдан коронавирустың бар-жоғын ПТР тесттер 99 пайыздық дәлдікпен анықтап бере алады.

- Есте болса, БАҚ хабарламаларында Ақмола облысында коронавирус инфекциясынан көз жұмған әйелден әу баста ол сырқаттың анықталмағаны айтылған еді. Яғни күдікке ілінген азаматтарды қайтара тесттен өткізу қажеттігі бар ма?

- Бәлкім, бұл сұрағыңызға Денсаулық сақтау министрлігі толыққанды жауап бере алуы мүмкін. Әйтсе де ПТР тесттің қателеспейтінін айта аламын. Ол адамда алғашында вирус болмауы да мүмкін. Яғни вирус тексерістен кейін жұғуы да ықтимал.

- Яғни күдікке ілінген азаматтарды қайтара тесттен өткізу қажеттігі жоқ қой...

- Жалпы, иә. Тестілеу механизмі бар десек, қорытынды «әлсіз оң нәтиже» көрсетуі де мүмкін. Тест қорытындысы әлсіз оң нәтиже көрсетсе, ДДСҰ да қайтадан тесттен өткізуге кеңес береді. Яғни бұл зерттеуде тест вирусқа ұқсас микроағзаларды табуы мүмкін.

- Ал елімізде коронавирустан тесттен өтем деушілерге ақылы қызметті іске қосу жоспарда бар ма?

- Қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырды деген күдікке ілінген азаматты хаттамаға сәйкес аурухананың провизорлық стационарына жатқызады. Демек өздігінен тексерілем дегеннен бұрын мемлекет өзі-ақ күдікке ілінгендерді тексереді.

- Яғни бұл ретте ақылы қызметті іске қосу жоспарда жоқ па?

- Жоқ. Әзірге ондай қызметтің керегі де жоқ. Білуімше, Алматыдағы оңтүстіккореялық клиника, сондай-ақ жеке емханалардың бірқатары ақылы тесттен өту жүйесін іске қосуды көздеген. Бірақ қазіргі таңда мемлекет бәрін өз қолына алып, қауіп ошағына жақын болған адамдардың бәрін тексеріп жатыр.

Қажеттілікті жабу үшін қазір мемлекет 320 мың ПТР тестті (шетелдік) сатып алған еді. Шамамен 60 мыңы қолданылып қойды. Ал біздің қазақстандық мамандар шамамен айына 50 мың тест жасауға қауқарлы. Біз айына 250-300 мың тест өткізуді көздеп отырмыз. Бұл жеткілікті.

- Қазақстанда шығарылатын тесттер шетелге сатылуы мүмкін бе?

- Тестті жасаушылар қазір ұсыныстарын енгізу үстінде. Бірақ өндірушілер қазіргі таңда айына тек 50 мың тест шығаруға қауқарлы екенін хабарлайды. Яғни олар әзірге Қазақстанның ішкі сұранысы үшін жұмыс атқарады. Шетелден сұраныс әлі түскен жоқ. Ішінара бірлі-жарым сұраныстың келгені бар.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар