Қазақстандық кәсіпорын басшылары шетелде тегін тағылымдамадан өте алады
«Кәсіптегі жоғары және орта буынды жетекшілердің біліктілігін арттыру мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының «Іскерлік байланыс» жобасы бойынша оқуға өтінім қабылдау басталды. Өтінім еліміздің барлық өңірінде үстіміздегі жылдың мамыр-қазан айы аралығында қабылданады», - деп хабарлайды «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.
Хабарламада айтылғандай, оқыту жобасы екі кезеңнен тұрады, оның біріншісі өз елімізде өтеді. Онда қатысушылар бизнес-тренингтен өтіп, бизнес-жоспар әзірлеу, сол сияқты отандық және шетелдік бизнес-тренерлердің жетекшілігімен кәсіпорындарын дамытуға қажетті білім мен машықты игереді.
Екінші кезеңде, жобаға қатысушылар үшін шетелде бизнес-тағылымдамадан өту, сонымен қатар шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнату қарастырылған.
Жобаға қатысуға қойылатын талаптар:
Кәсіпорын шағын және орта кәсіпкерлік деңгейіне жатуы тиіс;
Кәсіпорынның қазіргі қызметі экономиканың басымдыққа ие секторлары тізбесіне сай келуі тиіс; Қатысушының қызметі - кәсіпорын жетекшісінің орынбасарынан төмен болмауы керек.
Қосымша ақпарат алу үшін 1432 нөмірлі call-орталығына немесе Қазақстан бойынша 8-800-080-80-10 (кез келген қаладан тегін) байланыс нөмеріне хабарласуға болады.