Қазақстандық ғалым Григориан күнтізбесінің орнын басатын тұрақты күнтізбе жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық Түркі академиясында зерттеуші Сыйлыбай Бекболатовтың «Мәңгі тұрақты күнтізбесі» туралы конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Сайлыбай Бекболатовтың Оңтүстік Африка мемлекетінде «Unified, Constant Calender» («Мәңгі тұрақты күнтізбе») атты ғылыми монографиясы ағылшын тілінде жарық көрді. Тұрақты күнтізбенің электрондық жүйесі де сәтті жасақталып, Google-ге тіркелген.

Жаңа күнтізбеде бір жыл 13 айдан, бір ай – 28 күннен құралған. Аталған ғылыми жаңалық туралы бүгін «Егемен Қазақстан» газетінің сайтында Сайлыбай Бекболатовпен сұхбат жарияланған еді.

«Осыдан мың жыл бұрын бүкіл түркі дүниесінің данышпаны Махмұд Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» атты еңбегінде «Түркі дүниесінің өз күнтізбесі бар. Бұл күнтізбені тарихты ұмытып қалмау үшін Қаған жасаған. Оны Іле өзенінде жасаған» деп үлкен аңызды мысал етіп айтады. Сонда барлық жануарды Іле өзенінен өткізгенде, түйенің бойына шыққан тышқан жағаға алғаш жетіп, күнді алғаш көрген екен дейді. Кейінірек қазақи формаға түскен аңызды, тышқанның қалай жыл басы болғанын білесіздер. Одан әрірек кетсек, мысалы Күлтегін жазбаларында «Күлтегін жылан жылы қайтыс болды» деп жазады. Күнтізбенің тағы да түркілерге тән екенін көреміз. Бірақ оны қазір «Қытай күнтізбесі», «Шығыс күнтізбесі» деп жүрміз. Әріге барсақ, Сақтардың бүкіл жұлдыздар әлемін жақсы білген. Мифологияда осы жұлдыздардың атауларына қарап аң-таң қаламыз. Әрірек тамыр тартсақ, Беринг бұғазы арқылы қазіргі Америка құрлығына өткен үндістермен біздің мүшелдік жыл санауымыз арасындағы керемет ұйқастықты тағы көреміз. Міне, осы тақырыптарды ширек ғасырдан бері зерттеп жүрген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов ағамыз бен күнтізбені зерттеп, үлкен жаңалық ашқан, Халықаралық Акмеология ғылым академиясының академигі, халықаралық Платон сыйлығының иегері, галактикалық мәңгі тұрақты күнтізбенің сырын ашқан Сайлыбай Бекболатов келіп отыр», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі конференцияның ашылуында.

Зерттеуші С. Бекболатовтың айтуынша, өткен ғасырда Біріккен Ұлттар Ұйымы Григориан күнтізбесінің дұрыстығына күмән келтірген.

«1923 жылы БҰҰ-да Григориан календарының бұрыстығы айтылып, табиғаттың заңдылығына сай дұрыс календарь табу керек деп үндеу жариялайды. Бүкіл әлемнің ғалымдары сол үндеуге 400-ден астам ұсыныс жібереді. Ең соңғы ұсыныс 1953 жылы Үндістан басшыларының сұрауымен екі ай қаралды. Он үш айдан тұратын календарды қабылдауға комиссия шешім қабылдады, бірақ, аяғына жеткізбеді. Себебі, ол да Григориан календарінің бір түрі тәрізді еді. Күнтізбе ауыстыру ісі күні бүгінге дейін тоқтап тұр», - деді Сайлыбай Бекболатов.

Бастапқы нүкте ретінде ғалым түн мен күн теңесетін 21 наурызды белгілеген.

«Оның бастапқы нөлдік нүкте екенін әлемдік ғалымдар қабылдап қойған. Екінші сұрақ – 13 айдың санын қайдан алғаным болуы мүмкін. Оны да табиғаттан алдым. Табиғатта аспанда 13 шоқжұлдыз бар. Он үш шоқжұлдыздан өтетін Күннің жолы – Үлкен шеңберді «Эклиптика», «Зодиак» деп атайды. Сондықтан, айдың саны 13 десек, көп қателеспейміз. Мұнда Күн градуспен ғана өлшенеді, сағатпен өлшенбейді. Ал Жерді Ай бір жылда 13 рет айналады. Айдың өзі адамзатқа күнтізбені беріп отырған жоқ па? Бір жылда 13 рет айналса, өзі «Ай» деп аталса, неге 13 ай болмасқа?», - дейді С. Бекболатов.

Бір айдағы 28 тәулікті де зерттеуші Ай фазасымен байланыстырады.

«28 күнді табиғатта Ай өзінің нұрымен көрсетіп отыр. Яғни, Ай фазасы 28 күнді құрайды, 14 күнде толады, 14 күнде солады. Бұл астрономияда бар дүние. Сонымен, 28-ді 13 айға көбейтсеңіз, 364 күн болады. Тағы бір тәулік қайда десеңіз, ол тәулік – нөлдік нүкте деп аталады. Нөлдік күн. Оның атауын тапқан мен, бірақ оның тәсілі, есептеуін бүкіл әлем мойындап қойған. Бастапқы нүкте – көлденең және тік сызықтың қиылысуын көрсетеді. Табиғатта бұл – Меридиан мен Экватор. Екеуінің қиылысуы – нөлге тең. Егер мен нөлді ғана алатын болсам – нөл күйінде қалады. Егер мен сан есебін минутпен алсам, жаңағы нөлдегі сызық ені – 1 минут болады. Көлденең сызық ені де – 1 минут болады. Осылайша, бірінші минуттағы сызық – нөлдік сызық деп аталады. Оны ғалымдар 1884 жылы Вашингтон халықаралық конференциясында айтқан. Белдеулік уақыт жасап, Жерді 24 меридианға бөлген. 24 меридиан – 24 сағат. Сонда бірінші меридианның бір белбеуі – нөлдік белдеу деп атаған. «, - деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге, ғалым өз күнтізбесінің жылдар бойы өзгермей, тұрақты болып қалатынын айтты.

«Бір айда 28 күн болса, төрт апта толық бір айды құрайды және апта күндері жылдар бойы ауыспай тұрақты болады. Мәселен, биыл 18 қыркүйек жұма күніне түссе, он жылдан кейін де 18 қыркүйек – жұма болып тұрады», - деді Сайлыбай Бекболатов.

Жиын соңында Түркі академиясының президенті отырысты қорытындылады.

«Бүгінші шара – үлкен талқылаудың басы ғой деп ойлаймын. Себебі, мына пандемияға байланысты көп маманды тарту мүмкіндік болған жоқ. Бірақ онлайн режимде және басылымдар арқылы хабардар болып жатыр. Бұл күнтізбені БҰҰ комитетінде де бір талқыласақ та артық емес. Әлі де осы тақырып бойынша үлкен мінберлерде жақсы талқылаулар өтетін сияқты. Осы жиын қорытындысы бойынша халықаралық ұйым ретінде хаттама әзірлейміз, сөйтіп әрі қарай істі жылжытуға қызмет жасаймыз деп ойлаймын», - деді Дархан Қыдырәлі.


Соңғы жаңалықтар