Қазақстандық елші Елбасын күтіп алу үшін израильдік қонақ үйді «басқарды»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев Иерусалимдегі «Хилтон» қонақүйінің бас менеджері «болғаны» туралы қызықты оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ол қонақүй апартаментін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Израиль премьер-министрі Ариэль Шаронмен келіссөздер өткізуіне дайындау қажет болған.

 «2000 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Израильге екінші рет ресми сапармен келді. Мемлекет басшысын Иерусалим қаласында жаңадан ашылған «Хилтон» қонақүйіне орналастыру туралы шешім қабылданды. Біздің Президентке дейін мұнда АҚШ президенті Билл Клинтон мен РФ президенті Борис Ельцин ғана қонақтаған болатын. Сол қонақ үйде Израильдің қайта сайланған премьер-министрімен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланды және Елшінің кеңесшісі ұйымдастыру жұмыстарына жауапты адам ретінде мені таңдады. Әдеттегідей, қонақүйге ерте келген мен, бірінші кезекте ғимараттың дайындығын тексеруге кірістім. Сөйтсем, нысан түк те дайын  емес! Көз алдымда таудай үйілген ыдыс-аяқ (өткен шарадан қалған),  қалғып-мүлгіген қызметкерлер, қонақүй жаңадан ашылғандықтан қызметкерлер кәсібилік тұрғыда ақсап тұрған еді.  Израиль СІМ протоколы үнсіз ғана иығын көтерді», - дейді Елші. 

Ал шағын құрамдағы келіссөздер жоспарланған екінші бөлме тіпті бос болмай шықты. Тығырықтан шығар жалғыз жол - келіссөздерді Мемлекет басшысының апартаментінде өткізу болды.

 «Жауапкершілікті өз мойныма алып, Президенттің Күзет қызметінің офицерінен кездесудің хаттамалық дайындығын өткізу үшін президенттік нөмірді ашуды сұрадым. Уақыт өте тығыз, 30 минут қана қалды. Ойымда бірінші ұшақпен Қазақстанға қайтып бара жатқанымды елестетіп үлгердім. Қонақүй қызметкерлері жедел шешім қабылдай алмады, оларға жоғары басшылықтың келісімдері мен түрлі нұсқаулықтары қажет болды. Оған бізде еш уақыт жоқ. Бар күш-жігерімді жинап, қонақ үйді басқаруды қолға алдым. Кеңестік кезеңде комсомол және партия жұмыстарында басшылық лауазымдарын атқарып жүріп жинаған тәжірибеме сүйеніп, қонақүй қызметкерлеріне қатаң түрде бұйрық бере бастадым», - деді Болат Сәрсенбаев.

«Бақытыма орай, Президентті қонақүй алдында одан сұхбат алғысы келген журналистер бірнеше минут ұстап тұрды. Сол сәтте «менің» қызметкерлерім тазалау жұмыстарын аяқтап, лас ыдыстарды шығарып, залды кеңейтілген құрамдағы кездесуге әзірледі. Президент келіссөздер залына кірген кезде, бірнеше минут бұрын мұнда не болғанын ешкім аңғарған да жоқ», - деп толықтырды ол.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүріп жатқанда, премьер Ариэль Шаронмен шағын құрамдағы кездесу үшін Мемлекет басшысының апартаментінде қызу дайындық жүріп жатты. «Екі кездесу де сәтті өтті», -  дейді дипломат.

«Мұндай келеңсіздіктер қайталанбас үшін, кейінгі екі күн бойы таңертең қонақүй қызметкерлерімен Президент сапары аясындағы түрлі шараларды өткізуге дайындық жөнінде нұсқамалық жиналыс өткіздім. Сапар қорытындысы бойынша, Президент Елшіліктің жұмысына жоғары баға берді, ал қонақ үйдің бас менеджері менің қонақ үйді оп-оңай басқарып кете алатынымды айтты», - деп еске алды Б.Сәрсенбаев.

Елшінің бұл оқиғасы Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналған «Дипломатиялық эпизодтар» жобасы аясында  ҚР Сыртқы істер министрлігінің Фейсбуктағы парақшасында жарияланды.

Еске сала кетсек, 2 шілде күні Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні аталып өтеді.

Соңғы жаңалықтар