Қазақстандық делегация ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік жағдай мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Ұйым қызметінің ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзекті сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл шараларының кең ауқымын қарады.null

Қазақстан СІМ басшысы өз сөзінде іс-шараға қатысушылардың назарын Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді нығайту және халықаралық шиеленісті бәсеңдету жолдарын іздеу мақсатында жетекші әлемдік державалар мен халықаралық ұйымдар арасындағы диалогты дамытуды қарастыратын «Үш Д» жаңа геосаяси шындық туралы бастамасына аударды.

ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына дайындық шеңберінде сыртқы істер министрлері тәжік-ауған шекарасындағы ықтимал шиеленісті азайту жөніндегі шаралар пакетін, 2019-2021 жылдарға арналған БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі ҰҚШҰ елдерінің ұжымдық іс-қимыл жоспарын және ҰҚШҰ дағдарыстық әрекет ету орталығының ақпараттық өзара іс-қимыл регламентін мақұлдады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 2019 жылға арналған Бірлескен өтініштер тізбесін, сондай-ақ Ұйым қызметінің барлық бағыттары бойынша сарапшылардың жыл сайынғы кеңес беру жоспарын бекітті.

Отырыс қорытындысы бойынша, сондай-ақ НАТО-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшыларына ынтымақтастықты дамыту және өзара сенімді нығайту туралы ұсыныстармен ашық үндеу қабылданды. Құжатта бағалау мен ақпарат алмасу, қауіпті әскери қызметтің алдын алу тетігін құру, оқу-жаттығуларға өзара шақыру, екі ұйымның басшылығы мен органдары арасындағы тікелей диалогты дамыту сияқты бірқатар практикалық бастамалар бар.null

Сондай-ақ, Бішкектегі кездесуде Сыртқы істер министрлері Беларусьтің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде босатылуына 75 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеме жасады.

Қырғызстан астанасындағы кездесудің практикалық нәтижелерінің бірі ҰҚШҰ СІМК-нің Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесіне ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне Беларусь Республикасынан келісілген кандидатураны ұсыну туралы шешіміне қол қою болды.

Жалпы, отырыс қорытындысы бойынша қабылданған құжаттар Ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған, ал бұл кезекті рет ҰҚШҰ-ның ашықтығын және оның басқа елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге оң көзқарасын көрсетті.

ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы Бішкекте 2019 жылғы 28 қарашаға жоспарланған ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.

ҰҚШҰ 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында құрылды. Белгілі болғандай, Ұйымға Қазақстаннан басқа Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

ҰҚШҰ құрудың негізгі мақсаттары бейбітшілікті, халықаралық, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде ұйымға мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау болып табылады, оларға қол жеткізуде саяси-дипломатиялық құралдарға басымдық беріледі.

null

Соңғы жаңалықтар