Қазақстандық делегация Меккедегі ИЫҰ 14-ші саммитіне қатысты

None
None
МЕККЕ. ҚазАқпарат - 1 маусым күні Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі - Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған қазақстандық делегация Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) «Болашаққа бірге» тақырыбындағы мерейтойлық саммиті 14-ші сессиясының жұмысына қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл Саммит Түркияның ИЫҰ-ға үш жылдық төрағалық етуінің аяқталуын және осы миссияның Сауд Арабиясына көшуін атап өтті.

Мемлекет, үкімет және СІМ басшылары, ИЫҰ мүше-мемлекеттердің ресми тұлғалары ислам Уммасының өзекті мәселелерін, аймақтық қақтығыстар мен сын-қатерлерді, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму мәселелерін талқылау үшін барлық мұсылмандар үшін қасиетті қалада жиналды.

Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдельазиз Ал Сауд барлық келген қонақтарды жеке өзі қарсы алып, ИЫҰ-ның дамуы мен нығаюына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Саммиттің күн тәртібі Палестинадағы (бөлек қарар қабылданды), Сирия, Ирак, Йемен, Ауғанстандағы және ИЫҰ жауапкершілік аймағындағы басқа да тұрақсыздық ошақтарындағы жағдайға арналды. ИЫҰ-ның назарында халықаралық терроризм, исламофобияға қарсы күрес, дінаралық келісімді ілгерілету және т.б. мәселелер бар.

Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар инвестиция тарту және түрлі экономикалық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылым мен технологиялар, климаттың өзгеруі және тұрақты даму, конфессияаралық өзара іс-қимыл, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, Ислам мемлекеттерінің гуманитарлық саладағы бірлескен іс-әрекеттері, адам құқықтары мәселелерін талқылады.
Жоғарыда көрсетілген барлық мәселелер Саммиттің Қорытынды коммюникесінде көрініс тапты.

Қорытынды коммюникенің бөлек тармағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектеріне арналды. Саммит Елбасының исламдық татуласу жөніндегі бастамалар, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (АҚИҰ), Ислам Инфрақұрылымдық Интеграциясы және ИЫҰ-15 диалогтық платформасы арқылы ислам әлемін интеграциялаудағы сіңірген еңбегін бірауыздан мойындады.



Саммитке қатысушылар Қазақстанда болған елеулі саяси өзгерістер туралы және ИЫҰ бақылаушы ретінде қатысатын алдағы президенттік сайлауға дайындық жөнінен хабардар болды.

Отырыс қорытындысы бойынша 2022 жылы Гамбияда және 2025 жылы Индонезияда ИЫҰ кезекті саммиттерін өткізу туралы шешім қабылданды.

Анықтама: Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы - БҰҰ-дан кейінгі ауқымы бойынша екінші халықаралық ұйым, оның құрамында 57 ел бар. 2011 жылдың маусымына дейін Ислам Конференциясы ұйымы (ИКҰ) деп аталды. 2011 жылғы 28 маусымда Астанада Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы болып өзгертілді. Биыл ИЫҰ 50 жылдығын атап өтеді.

Оны құру туралы шешім 1969 жылы қыркүйекте Рабатта (Марокко) мұсылман елдері көшбасшыларының кездесуінде қабылданды. Сол кезде 24 мемлекет басшылары экономикалық, мәдени және рухани салаларда тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін консультациялар өткізуге уағдаласты. ИЫҰ кездесулері әр үш жыл сайын шақырылады. Мұсылман қауымдастығының соңғы саммиті 2016 жылдың сәуір айында Стамбулда өтті.

Соңғы жаңалықтар