Қазақстандық 186 экспортердің шығындарының бір бөлігін мемлекет жауып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық 186 экспортердің шығындарының бір бөлігін мемлекет жауып, осы бағытта 4,7 млрд теңге бөлген. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелге өнімін шығаратын экспортерлердің шығындарының бір бөлігін жабу – жаңадан қолға алынған шара. Алайда ол аса қажеттілікке қолдау тетігі екенін атап өту керек. Биыл Ведомствоаралық комиссияның 14-інші рет өткізген отырысында жалпы сомасы 4,7 млрд теңге болатын 186 экспортердің өтінімі мақұлданды», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр өз сөзін нақты сандармен шегелей түсті. Атап айтқанда отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша 39 субъектінің жалпы 229,4 млн теңгелік 44 өтінімі, отандық өңделген тауарларды жеткізу бойынша 182 субъектінің жалпы сомасы 4 438,3 млн теңгелік 345 өтінімі мақұлданған. Көбі теміржол арқылы тауарды жеткізу жағынан көмек сұраған.

«2019 жылы мемлекеттің бұл қолдауын индустриалды-инновациялық бағыттағы 139 субъект пайдаланды (жалпы сомасы 3,9 млрд теңге). Шығындарының бір бөлігін жабу арқылы экспортерлер кәсіпорындарының өнеркәсіптік өндіріс көлемін 9 пайызға, ал экспорттан түскен пайданы 30 пайызға дейін арттыруға қол жеткізді», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар