USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады – Мусин

2021 жылғы 24 қазан 18:41
Бөлісіңіз:
Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады – Мусин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады. Бұл туралы бүгін өзінің Facebook-тағы парақшасында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұқсас жаңалықтар
Қарағандылық оқушылар STEM республикалық олимпиадасында жүлдегер атанды Қазақстанда өткен 2 жылда 39 мамандандырылған IT-лицей ашылды

Министр ақпараттық технологиялар саласында болып жатқан үрдістерге бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізгенін айтады.

«Үш сағат бойы біз жобаның мән-жайынан бастап, ІТ-саланың дамуы мен Қазақстанның әлемдік цифрландыру барысындағы рөліне қатысты түрлі мәселелерді талқыладық. Осы орайда еліміз жаһандық даму үрдісінен қалмау үшін цифрландыру қарқынын күшейту керек деген ойымыз бір жерден шықты.

Цифрлық трансформация дегеніміз, бұл – технологиялық жаңашылдықтар негізінде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Бұл мемқызметтерді жай ғана автоматтандыру емес, осы қызметтердің мән-маңызын зерделей отырып, функциялар мен сервистерді түгелдей қайта қарастыру. Әйтпесе бәрі де автоматтандырылған хаосқа айналып кетуі мүмкін. Ал платформа – бұл тек қана техникалық мәселе, оның үстіне цифрлық трансформация жасаудағы ең басты жайт емес.

Кездесу нәтижесінде біз барлық тараптардың ой-пікірін ескере отырып, мынадай мәмілеге келдік»,-деп жазды Бағдат Мусин.

«Біріншіден, біз өнімді бастапқы кодтарымен бірге аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, біз жасалу жолы мен нұсқаулығы бар конструктор мен құралдар сатып алмақпыз. Біз дайын құрал-жабдықтарды пайдаланып, қажет болса, оны әрі қарай дамытып, конструкторды барынша жетілдіре аламыз. Бұл конструктордан не жасау керектігін біз шешеміз. «Қара жәшік», яғни түсініксіз әлдебір нәрсені сатып алғалы жатқан жоқпыз, сондықтан біз әлдебіреулердің айтқанына көніп, айдағанына жүре бермейміз. Тағы да қайталап айтқым келеді – бастапқы кодтар бізде болады.

Біз платформаның толыққанды нұсқасы бар түрлі компаниялармен сөйлестік, бірақ бәрі де тек қана пакеттік шешімдерді ұсынуда, ал мұндай жағдайда біз шетелдік мамандарға тәуелді болып қалуымыз ықтимал. Бұған біз жол бере алмаймыз.

Екіншіден, серверлер Қазақстанның жерінде және қорғалған контурларда сақталады. Бұл дегеніміз, оған ешкім, әсіресе шет мемлекеттер тіпті де қол жеткізе алмайды. Яғни біз Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талабына сай шетелдіктердің бұл процеске кірісуіне, соның ішінде техникалық сүйемелдеуіне жол бермейтініміз айдан анық.

Үшіншіден, бұл іспен (конструктордың дайын құралдарымен жасау) тек қана Қазақстан азаматтары айналысады. Оның үстіне, мен бұл норманы барлық құжаттарда бекітуге дайынмын. Бұл – жобаға бөлініп жатқан қаражаттың негізгі бөлігі Қазақстанның экономикасына құйылады деген сөз және қазақстандық IT мамандарының жалақысына жұмсалады.

Төртіншіден, бұл жұмысқа отандық ІТ-компаниялар тартылады. Компания, яғни нарықтағы бір-екі ірі компанияның монополиясы болмайды.

Бесіншіден, жалпы ІТ-саланы дамыту, соның ішінде платформаны жетілдіру үшін біз жоғары білікті кадрларды дайындау қарқынын күшейту керекпіз.

Алтыншыдан, біз алдағы іс-әрекеттерімізді ашық және жариялы етуге тиіспіз.

Бұл орайда қоғам қайраткерлерінің ұсынысын толықтай қолдап, цифрлық трансформация сияқты маңызды үрдістің барынша ашық жүргізілуін қамтамасыз ету үшін Министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің құрамын кеңейту керектігімен келісемін.

Ал сарапшылардың бағасын алу үшін біз ІТ-бизнес өкілдері мен технологияны жете түсінетін мамандардан тұратын сараптамалық кеңес құрдық. Сондай-ақ бұл кеңестік құрамында белсенді қоғамның өкілі Мұхтар Тайжан да бар.

Салмақты және орынды сын айтып жатқан қазақстандықтарға тағы да алғыс айтамын. Алдағы уақытта цифрландыру барысында қандай бір түсініспеушіліктің алдын алу үшін мұндай кездесулер көбейеді деген ойдамын.

Ақпараттық вакуум біраз қисынсыз пікірлер туындатқанын мойындаймын, сондықтан біздің жұмыс жайлы жиі жазып тұруға уәде беремін!»,-деп қорытты министр.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT