Қазақстандағы полигондардың 21 пайызы ғана экологиялық талаптарға сай келеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы полигондардың көпшілігі талапқа сай емес. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 3005 полигон бар, оның 635-і немесе 21%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Тұрмыстық қатты қалдықтардың түзілуінің жылдық көлемі 5-6 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару тек қалалар мен жекелеген облыс орталықтарында ғана ұйымдастырылған. Бұл ретте «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы жыл сайын ғарыштық мониторинг арқылы заңсыз полигондарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға береді», - деді Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Бас прокуратураның мәліметінше, анықталған полигондар туралы ақпарат салалық геосервиске жүктелген. Алдағы уақытта қоршаған ортаны қорғау департаменттерінің қызметкерлері осы жүйе және WasteView және WasteEdit мобильді қосымшалары арқылы көшпелі іс-сапарлар жүргізіп, растау суреттері арқылы полигондарды жою туралы ақпаратты енгізеді.

«2021 жылы 7,3 мыңға жуық қалдықтарды заңсыз орналастыру орындары анықталды, олардың 6,7 мыңы немесе 91%-ы жойылды. Экологиялық кодекстің 365-бабына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кіреді», - деп толықтырды Бас прокурор.


Соңғы жаңалықтар