Қазақстандағы NEET жастар: Қандай шаралар қабылдануда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірқатар проблемалар бар, олардың арасында NEET санатындағы жастар, суицид пен жас отбасылардың ажырасу жағдайын атап өткен жөн. NEET санатындағы жастар үлесін төмендету мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында

Осы орайда ол 2018 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Үкіметі NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдағанын еске салды.

«Бұл мәселеде жол картасы біздің бірінші тетігіміз болып отыр. Карта NEET жастарымен 8 санат бойынша жұмыс істеуге жол ашты. Олардың арасында жұмыссыз жастар, ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі жастар, орта білімі бар еңбекпен қамтылған жастар, ең төменгі күнкөріс деңгейінен табысы төмен жастар, жұмыс тәжірибесі жоқ білімді жастар, кішкентай балалары бар жас әйелдер, бейәлеуметтік жастар қамтылған», - деді ведомство басшысы.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, бұл жұмыстар алты бағыт бойынша жүргізіледі. Осы орайда кәсіптік бағыт, кәсіби оқыту, жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру, ұйымдастыру-әдістемелік шаралар қамтылды.

Айта кетейік, NEET термині (NEET - NotinEmployment, EducationorTraining - жұмыс істемейтін, оқымайтын, жұмыс іздеуге ұмтылмайтын жастар) 1999 жылы ресми құжаттарда - 16-18 жас аралығындағы жастар проблемаларына арналған Ұлыбритания үкіметінің баяндамасында қолданылған болатын.

Соңғы жаңалықтар