Қазақстандағы ең қымбат көмір қайда сатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Делдалдар көмір бағасын үш, тіпті төрт есе көбейтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі energyprom.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

«Делдалдар жылу маусымы басталмай жатып іске кірісті: олардың ықпал етуімен көмір бағасы 3, кейде тіпті 4 есе, тоннасына 3,5–5,5 мыңнан 14–22 мың теңгеге дейін көтеріліп барады», - делінген хабарламада.

Қазақстанда қазан айында жылу маусымы басталады. Орталық жылу жүйесіне қосылған қалалардағы тұрғын үйлерде тариф 14 пайызға төмендеп, 1 Гкал үшін 3440 теңгені құраған. Ал аймақтарда үйлерді жылыту көмір мен отынға, немесе табиғи газ тасымалдайтын тарату желілеріне тәуелді.

1 тонна көмірдің республикалық деңгейде орташа бағасы 12,4 мың теңгені құрап отыр. Бұл баға өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 3,8 пайызға ғана арзан. Отынның бір текше метрі 8,9 пайызға - 6,5 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Табиғи газға қол жетімді аймақтар үшін газдың бағасы 1 текше метр үшін 1,1 пайызға - 18,7 теңгеге дейін төмендеді.

«Көмір бағасын белгілеу әлі де делдалдардың қолында тұр. Делдалдардың өзін делдалдық құрылымдар реттейтіндей сауда биржаға ауысса да, бұл өзгеріс көмектесетін емес. Сонымен, өндіруші компаниялар бастапқыда көмірдің тоннасын 3,5–5,5 мың теңгеге сатса, бұл баға бүкіл делдалдар тізбегінен өтіп барып, түпкілікті тұтынушы үшін 14-22 мың теңге аралығында сатылады», - деп толықтырады energyprom.kz.

ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рүстем Ахметовтің айтуынша, көмір өндірушілер мен оларға еншілес делдал компаниялардың келісіп алу жағдайы да анықталған. Яғни, тауар биржасында 566 мың тонна көмір бар болғаны 6 тасымалдаушыға бөлініп берілген.

Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, көмірдің ең жоғары бағасы Оралда (бір тонна үшін 18,5 мың теңге), Қызылордада (14,1 мың теңге) және Алматыда (14 мың теңге) байқалған. Отынның ең жоғары бағасы Нұр-Сұлтанда: 1 текше метрге 12,7 мың теңге. Сондай-ақ, елордада көмір бағасы тоннасына 12,3 мың теңгені құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар