Қазақстандағы дәрігерлер тапшылығы: Қандай мамандар жетіспейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 4122 штаттық орынға дәрігерлер қажет. Бұл туралы ҚР ДСМ республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 15 шілдеде 5201 штаттық орында мединицалық кадр тапшылығы болған еді. Әсіресе Қостанай облысына мамандар аса қажет болды, 624 штаттық орын бос тұрды. Жас мамандарды өңірлерге жіберген соң кадр тапшылығы мәселесі жақсарып келеді. Мәселен, 10 қыркүйектегі жағдай бойынша 1079 орынға маман келіп, кадр тапшылығы 4122 орынға дейін азайды», - деді Қ. Төсекбаев Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстанда анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практикалық дәрігер, зертханашы дәрігер, акушер-гинеколог, инфекциялық дәрігерлер жетіспей жатыр. Орташа медициналық қызметкерлер арасында 8583 бос орын бар.

«Ресми дерек бойынша, қазір денсаулық сақтау жүйесінде 253 883 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 74046 дәрігер, 179 мыңнан астам орта медициналық қызметкер бар. 16 мыңнан астам дәрігер жеке медициналық ұйымдарда жұмыс істейді. Бүгінде елімізде 9464 жалпы практикалық дәрігер бар. Олар жалпы дәрігерлік персоналдың 13,2 пайызын құрайды. Жалпы практикалық дәрігерлердің ең көбі Түркістан облысында (1205 маман) жұмыс істейді. Сонымен бірге, терапевтер мен педиатрлар саны басым», - дейді Қ. Төсекбаев.

Өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлік кадр 1,5 пайызға, орташа медициналық қызметкерлер – 2,6 пайызға артқан.

«Медициналық кадрмен қамту деңгейіне келсек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қамту көрсеткіші жоғары. Ал дәрігер жетіспейтін өңірлер арасында Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстары бар. Дәрігермен қамту көрсеткіші өңірлер арасында 24,5-75,5 түрленеді. Яғни, бұл өңірлер арасында ресурс бөлуде теңгерім жоқтығын көрсетеді. Ең алдымен бұл медициналық ұйымдар желісін дамыту, медициналық қызметкерлерге жағдай жасау сынды бірнеше факторлармен байланысты. Қала мен ауыл арасында да кадрлық ресурстың дисбалансы едәуір байқалды. Пандемия мен коронавирус инфекциясы бұл бағытта да өзекті мәселе барын көрсетті», - дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар