Қазақстандағы айырбастау пункттері жаңа ережемен жұмыс істейтін болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандағы ақша айырбастау пунктері 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңа ережемен жұмыс істейді. ҚР Ұлттық банкінің кассалық қолма – қол ақшамен операцияларды жүргізу әдістемесі және бақылау бөлімінің бастығы Марат Садретдинов жаңа жұмыс тәртібі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа талаптарға сәйкес, айырбастау пункттерінде айырбасталатын сома көлеміне қарамастан клиент туралы барлық мәліметтер жазып алынады. Сондай-ақ, жұмыс уақыты қысқарып жарғылық капиталдың мөлшері өзгереді.

Марат Садретдиновтың айтуынша, клиент туралы мәліметтерді жазып алу әлемдік тәжірибеде бар.

«Бұл жаңашылдық деп айтпас едім. Себебі 2018 жылдан бері айырбастау орындары 500 мың теңгеден асса оны тіркеп келеді. Ерекшелігі, енді соманың көлеміне қарамайтын болады. Процедура көп уақытты қажет етпейді. Жалпы, қаржылық мониторингтің субъектілері - банктік және банктік емес айырбастау пункттері бұл процесті автоматтандыра алады», - деді Марат Садретдинов.

Оның айтуынша, мұндай жаңашылдық ең алдымен қаражат айналымын бақылауда ұстау, терроризм және өзге де ұйымдасқан қылмыстарға бағытталған қаржының жолын кесу үшін жасалып отыр.

Сонымен қатар, жаңа ережеге сәйкес, айырбастау пункттері 1 ақпаннан бастап 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Әуежай, теміржол арқылы Қазақстанға келетін/кететін және мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіндегі адамдар үшін айырбастау пункттері тәулік бойы, ал бірінші санаттағы ірі сауда орталықтарында сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сарапшының пайымдауынша, жұмыс кестесі айырбастау пункттері мен олардың клиенттерінің қауіпсіздігін жақсартуға байланысты өзгеріп отыр. Бұл шара кешкі және түнгі уақытта қолма-қол шетелдік валютаны сатып алуда валюта курсының өсу фактілерін болдырмауға, халық арасында негізсіз дүрлігу болмауына көмектеседі.


Соңғы жаңалықтар