Қазақстандағы әрбір екінші автокөлік отандық зауытта жасалған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Allur Group» автомобиль компаниялары тобының президенті Андрей Лаврентев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібі туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Партия бағдарламасындағы басты мақсаттардың бірі - өнеркәсіп көлемін арттырып, өмір сапасының жақсарғанын әрбір тұрғын сезінетіндей инклюзивті экономикаға келу. Мұндай маңызды мақсатта біз де аянбай еңбек етеміз. Сіз (Нұрсұлтан Назарбаев - авт.) бес рет біздің кәсіпорынға келдіңіз. Бұл сіздің отандық автомобиль өнеркәсібінің қалыптасуына деген жанашырлығыңызды білдіреді. Және бүгін қол жеткізген ортақ жетістіктерді мақтанышпен айта аламын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Автопром» өңдеу өнеркәсібіндегі ең үлкен өсім көрсетті. Қазақстанның машина жасауындағы үлесіміз - 19%. Бір жылда 32 мыңнан астам автокөлік шығардық», - деді Андрей Лаврентьев.

Оның айтуынша, отандық көлік шығарушыларға деген сатып алушылардың сенімі артып келеді.

«2013 жылы елдегі әрбір бесінші көлік отандық болса, бүгінге - әрбір екінші автокөлік Қазақстанда шығарылған. Алғаш рет біздің автокөліктер экспортталып жатыр. Әзірге автокөліктерімізді Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстанға экспорттауды бастадық. Бұл - әлі бастамасы ғана. Биыл 50 мың автокөлік өндіріп, оның 20% экспорттауды жоспарлап отырмыз. Ал 2020 жылы өндіріс көлемін 100 мыңға дейін жеткіземіз», - деді ол.

Сонымен бірге, Қазақстандағы автокөлік өндірісіне ірі инвесторлар да қызығушылық танытып отыр.

«Келіссөздерге жеке өзіңіздің қатысуыңыз арқылы шетелдік ірі трансұлттық компания Қазақстандағы автокөлік өндірісін дамытуға 1 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлетін болды. Біздің өндіріс - ЕАЭО аумағындағы ең ірі жобалардың бірі», - деді А. Лаврентьев.

Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр.

Съезд «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Онда бірнеше өзекті мәселелер қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар