Қазақстандағы апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі назарларыңызға ел астанасы мен өңірлердегі басты ауыс-түйістер жайлы апта қорытындысын ұсынады.

Аптаның басында Қорғаныс министрінің бұйрығы бойынша Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары болып ҚР ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев тағайындалды.

Серік Жақсығалиұлы Киев жоғарғы әскери-теңіз политехникалық училищесінің, ҚР РФ Әскери университетінің, ҚР РФ Әскери университеті жанындағы адъюнктурасының, ҚР Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы академиялық курстардың түлегі. Қызмет жолын Каспий флотының корабльдер күзеті дивизионы саяси бөлімнің комсомолдық жұмыстар жөніндегі бастығының көмекшісінен бастаған. Әр жылдары Атырау облыстық әскери комиссариатында Әскери-теңіз институты бастығының орынбасары, ҚР ҚК Әскери-теңіз басқолбасшысының орынбасары қызметін атқарды.

Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылығына Қайрат Аманкелдіұлы Әбдуәлиев келді.

Қайрат Аманкелдіұлы 1968 жылы Түлкібас ауданында туған. Білімі жоғары, ғалым агроном, заңгер. Еңбек жолын 1986 жылы Түлкібас ауданы Киров атындағы колхозының «Алтын арай» жастар комсомол бригадасының шопаны ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1999 жылы Түлкібас ауданы әкімі аппараты аймақтық даму және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған. 2001-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті Түлкібас ауданының өкілі-бас маманы және төрағасы лауазымын атқарды. 2004-2010 жылдары аралығы ҚР АШМ Түлкібас аудандық аумақтық басқармасының бастығы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің бастығы, инспекция бастығының орынбасары және бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бері Түлкібас және Сарыағаш аудандарының әкімі лауазымдарын атқарып келген.

Сонымен бірге, Қарағанды облыстық Экономика басқармасының жаңа басшысы болып Азамат Мұқанов келді.

Азамат Мұқанов 1976 жылы Қарағанды облысының Ақтау кентінде дүниеге келген. 1997 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Маркетинг және коммерция» мамандығы бойынша бітірген. Кәсіби бухгалтер және мемлекеттік аудитор сертификаттары бар. Еңбек жолын 1997 жылы «Валют-Транзит Банк» ААҚ сауда операциялары басқармасының маманы болып бастаған.

2009-2012 жылдар аралығында Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2012-2013 жылдары «Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ бастығы болды. 2014-2016 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі ішкі бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде әртүрлі лауазымдарды атқарды. Жаңа тағайындауға дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Кадр жұмысы департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

Қарағанды облысында сондай-ақ, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жаңа басшы келді.

Ол 2006-2008 жылдар аралығында Теміртау қаласында басқарманы басқарды. 2013-2014 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымына кірісті. 2014 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болды. 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қарағанды облыстық медициналық көмек станциясының директоры қызметін атқарды. 2018 жылы «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық санитарлық авиация орталығы» РМК Алматы бойынша өкілдігінің директоры болып тағайындалды. Жаңа тағайындауға дейін Саран орталық ауруханасының директоры болып жұмыс істеген.

Ауыс-түйіс Ақтөбе облысында да болды. Өңірдегі облыстық экономикалық тергеу департаментіне Жеңіс Елемесов тағайындалды. 41 жастағы Жеңіс Елемесов жоғары білімді. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, Қазақ мемлекеттік заң академиясы, Ресей халық шаруашылық және РФ Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академияларының түлегі. Еңбек жолын Алматы облысы бойынша қаржы полициясының экономикалық қылмыстарды анықтау басқармасында инспектор болып бастаған.

Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу басқармасының бөлім басшысы, Астана қаласы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті арнайы басқарма басшысының орынбасары – жедел қызмет бөлімінің басшысы, Астана қаласы бойынша қаржы полициясы бастығының орынбасары, Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті сотқа дейінгі тергеу, Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің тергеу департаменттернің басшысы болып қызмет атқарған.

Облыста сол секілді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы болған Руслан Мамунов облыс әкімінің орынбасары қызметіне келді.

«39 жастағы Руслан Маратұлы Мамунов Ақмола облысында туған. ҚазТұтынуОдағының экономикалық университетінде, Қазақ гуманитарлық заң университетінде білім алды. Эдинбург қаласындағы «Шотландия менеджмент және маркетинг мектебінің экономист, заңгер, МВА корпоративтік басқару мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Ақмола облысы Ақкөл аудандық Салық комитетінде маман болып бастаған. «ҚазМұнайГаз» АҚ менеджер, бас менеджер, Қоғамның еншілес компанияларында департамент директоры, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ инвестициялық жобалар және күрделі құрылыс бөлімінің басшысы, «KazSatNet» АҚ келісімшарттар бөлімінің басшысы, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы қызметтерін атқарды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының басшылығына Марлен Айнабеков тағайындалды.

Марлен Айнабеков бұған дейін министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген. Осы салада зор тәжірибесі бар.

Елордада қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болып азаматтық қорғаныс полковнигі Бауыржан Сыздықов тағайындалды. Бауыржан Мәдиұлы Сыздықов 1973 жылы 14 маусымда бұрынғы Шымкент облысы Бөген ауданы Задарья ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін (гигиенист-эпидемиолог дәрігер), 2010 жылы РФ ТЖМ Азаматтық қорғаныс академиясын, 2019 жылы «Синергия) Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетін заңгер магистрі дәрежесімен тәмамдаған.

2001 жылдан бері азаматтық қорғаныс органдарында жұмыс істейді. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖБ аға офицері болып бастаған. 2010-2012 жылдары ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс департаменті Халықты және аумақты қорғау басқармасының бастығы, 2012-2014 жылдары ҚР ТЖМ Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары, 2014-2015 жылдары ҚР ІІМ Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары, 2015 жылғы ақпаннан - Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы болды.

Соңғы жаңалықтар