Қазақстандағы 292 мектепте карантин талаптары бұзылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан бойынша мектептердегі карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу жалғасуда. 2021 жылдың 1-29 сәуір аралығында 1688 тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

Нәтижесінде 292 (17,2%) мектепте карантин талаптарын бұзу жағдайлары анықталды.

Білім беру орындарында болған карантин режимі талаптарының негізгі бұзушылықтары ретінде келесі факторларды атап өтуге болады: бірқатар мектептерде бетперде режимі сақталмаған, арақашықтық белгілері қойылмаған, бөлмелерге ылғалды тазалау және залалсыздандыру жүргізу кестесі бұзылған, сыныптардағы парталар арасындағы қашықтық сақталмаған. Сондай-ақ бактерицидтік шамдардың, санитайзерлер мен залалсыздандыру құралдарының жеткіліксіздігін анықталды.

Биылғы жылдың 23-29 сәуірі аралығында мониторингтік топтар 643 мектепке тексеру жүргізді. Карантин талаптарын бұзу жағдайлары 139 мектепте анықталды, яғни 21,6%-і карантин режимі тәртібін бұза отырып жұмыс істеген.

Маска режимін бұзу фактілері 27 мектепте анықталды, 19 мектепте таңертеңгі сүзгі жүргізу тәртібі бұзылған, 6 мектепте әлеуметтік арақашықтық белгілері жоқ, 29 мектеп толық көлемде санитайзерлермен қамтамасыз етілмеген, 34 мектепте ылғалды тазалау және дезинфекция жүргізілмеген.

Бұзушылықтар саны бойынша жоғары көрсеткішер келесі аймақтарда анықталды:

Қарағанды облысында – 25 бұзушылық;

Қызылорда облысында – 21;

Түркістан облысында– 17.

Анықталған барлық карантиндік, санитариялық-гигиеналық талаптарды бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес 312 тұлғаға жалпы көлемі 28 876 184 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталған бұзушылықтар тексеру барысында жойылды.


Соңғы жаңалықтар