Қазақстанда жылыжай алаңдары 1,7 мың гектарға дейін ұлғайтылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда көкөніс өсіретін жылыжай алаңдары 1 700 гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Импорт алмастыруға арналған рентабельділігі жоғары дақылдар мен азықтық дақылдар өндіруге басымдық беріліп, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мен тұтыну теңгеріміне сүйене отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады. Бұл ретте монодақылдар өндіруден рентабельдігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 1 гектардан түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді. Халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлер үшін бақ өсіру басымдыққа ие болады», - деді министр.

Оның дерегінше, бақтар алаңын 65 мың гектардан 88 мың гектарға дейін ұлғайту және алма мен жеміс-жидек өнімдерін өндіру көлемін 395,5 мың тоннадан 684 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл 65 мыңнан 88 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Көкөніс жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жылыжай алаңдары 1 236 гектардан 1 700 гектарға дейін ұлғайтылады.

«Жабық топтырақта көкөніс өндіру көлемін 217 мың тоннадан 595 мың тоннаға дейін артуы бағаның маусымдық жоғарлауын тежеуге, 34 мың адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қолданыстағы инвестициялық субсидиялар және субсидияларды есепке алғанда жеңілдікті несие беру бақтарды отырғызуды, жылыжайларды енгізуді ынталандыратын жеткілікті экономикалық жағдай туғызады», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар