Қазақстанда жылына 150 адамның жүрегін ауыстыру қажет - Юрий Пя

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жыл сайын 150 адамның жүрегін трансплантациялау қажет. Бұл туралы ҚР Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басқарма төрағасы Юрий Пя мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен дәрігермін, сондықтан еліміздегі жүрек донорлығы жағдайына қатысты түсініктеме бергенім жөн де емес шығар. Дегенмен мәселе бар. Жыл сайынғы біз жасайтын отаның саны мен оған донор табу бойынша айтар болсам, жағдай күрделі. Донор табу қиын. Әрине, донор болу ол адамның еркімен жүзеге асатын дүние. Сондықтан да бұл жағдайға қатысты біреуді кінәлауға болмайды. Оның үстіне біздің халықтың менталитеті басқа, мысалы дамыған елдерде донор болу қалыпты жағдай және ол жолға қойылған. Тағы бір мәселе елімізде донорлыққа қатысты ақпараттандыру жағы аздық етеді. Яғни қарапайым халықтың көп жайттан хабары болмай жатады. Айталық, адам кездейсоқ жайттан қайтыс болды, оның жақындары мүрдені донорлыққа бергісі келмейді. Ал оның жүрегі немесе басқа дене мүшесі мына жақта біреуге ауадай қажет болып жатады», - деді Юрий Пя.

Оның айтуынша, елімізде донор болу қайырымдылық ісіне мемлекетпен қатар қоғам да белсенділік таныту керек.

«Жүрек донорлығы батыс елдерінде жақсы дамыған. Мысалы, 10 млн ғана халқы бар Чехияда жылына 120-дан астам жүрек ауыстыру отасы жасалады. Ал біздің орталықта 9 жылдың ішінде 84 жүректі трансплантациялау отасы жасалды. Одан әрі өзіңіз бағамдай беріңіз. Оның үстіне біздің мекеме еліміз бойынша жалғыз орталық. Қазақстанда жыл сайын 150 адамға жүрек трансплантанциясы қажет», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордада жүрек донорларының құрметіне арналып арт-нысан ашылды.

https://kaz.inform.kz/news/nur-sultanda-zhurek-donorlarynyn-kurmetine-art-nysan-ashyldy_a3852347


Соңғы жаңалықтар