Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз ағаш кесу бойынша 7 қылмыстық іс қозғалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев заңсыз ағаш кесушілерге қарсы күресіп жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан осы уақытқа дейін еліміз бойынша 8192 рейдтік шара өткізілген. Соның арқасында 57 заңсыз ағаш кесу оқиғасы тіркелді. Келтірілген шығынның көлемі – 15,3 млн теңге. Оның 4 млн теңгеден астамы өндіріп алынды. Жалпы 57 оқиғаның 30-ы құқық қорғау органдарына жолданды. Сотқа жіберілгені – 22. 7 қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз ағаш кесу кезінде келтірілген шығынның жалпы сомасы 100 АЕК-тен асса, қылмыстық іс қозғалады. 100 АЕК-ке дейінгі шығындар сотта қаралады», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ, ол өртенген орман алқаптарын қалпына келтірудің тәртібін түсіндірді.

«Өртенген орман алқаптарының орны екінші жылы түгелдей тазартылады. Осыдан кейін ғана алқапты жаңарту жұмыстары басталады. Яғни, жаңа тал егу басталады. Бұл жерде Қазақстанның орман қорын құрайтын ағаштар егілетінін айту керек», - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаевтың айтуынша, вице-министр айтып отырған жоба 2030 жылға дейін іске асырылады.

«Аралдың қаңсыған табанында сексеуіл егу 1980 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін ондағы орманды алқаптың жалпы көлемі 337 мың гектардан асты. Көктемде арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция мүшелері қаңсыған алқаптардың біразы аралап өтті. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орманға жарамды жерлердің бәрі іздестіру жұмыстарынан кейін анықталады. 2030 жылға дейін 1 млн гектардан астам жерге сексеуіл егу жоспарланған», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар