Қазақстанда жолға жауапты компаниялардың рейтингі жасалмақ

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Ендігі уақытта елімізде жол салатын және жөндейтін мердігер компаниялардың рейтингі әзірленеді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз биылдан бастап еліміз бойынша жол салатын және жөндейтін мердігер компаниялардың рейтингісін жасамақпыз. Бүгінде рейтинг жүргізудің талап-ережелері әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ, барлық мердігер компаниялар хабардар етілді. Ендігі уақытта жол жөндеп жатқан мердігер компанияның жұмысын арнайы құрылған комиссия қадағалап, оған баға береді. Рейтинг арнайы есептелген балдық жүйемен жүргізіледі. Егер компания жұмысынан ақау табылса, демек балы кемиді деген сөз», - деді Ұ. Әліпов.

Оның айтуынша, мердігер компаниялардың рейтингі болашақта мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізілмек.

«Өз жұмысын тиянақты, кемшіліксіз атқарған компаниялар мемлекеттік сатып алу жүйесінде алдыңғы орында тұрады. Және оларға белгілі бір жеңілдіктерде қарастырылатын болады. Ал керісінше жұмысы ақсаған жол жөндеу компанияларды қажет жағдайда мемлекеттік сатып алу процесіне қатыстырмау шараларында қарастырмақпыз. Әрине мұның барлығын арнайы комиссия шешеді. Оның құрамында жол саласы мамандарынан бөлек, тәуелсіз сарапшылар, мониторинг мамандары және қоғам белсенділері болады», - деді ол.

Бұған дейін аталған компания басшысы «Қарағанды - Балқаш» тасжолының қашан пайдалануға берілетінін хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар