Қазақстанда жол жөндеу саласындағы мамандардың айлығы қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «QazAvtoJol» компаниясы басшысының орынбасары Арман Жүсіпов жол жөндеу саласында еңбек ететін мамандардың айлығы қандай екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні білікті маман 200 мың теңге айлық алады. Мәселен автогрейдершінің айлық табысы шамамен 500 мың теңге. Білікті маманның, нақтырақ айтқанда, асфальт жаятын кешендегі оператордың, оператор-автогрейдершінің айлығы 200 мың теңгеден басталады. Кез келген мердігер өз қызметкерлерін ынталандырғысы келеді. Біліктілігінің артуына байланысты жұмысшының айлығы өсе береді», - деді компанияның Instagram парақшасында тікелей эфирге шыққан Арман Жүсіпов.

Оның айтуынша, нарықта жол жөндеу саласындағы маман қашан да қажет.

«Біз республикалық жолдарды жөндеуге жұмылдырылған адамдар туралы айтып отырмыз. Одан бөлек жалпы жолдар, қала көшелері, жергілікті жолдар – барлығында шамамен 100 мың адам жұмыс істейді. Осылайша бұл мамандықтың қашан да бәсекеге қабілетті әрі сұранысқа ие екенін айта аламыз. Табысы да жақсы. Алда бізге 11 мың шақырым жол салу керек. Бұл жолды салу үшін 20 мыңдай адам керек болады», - деді ол.

Компания өкілі пандемия шағын және орта бизнеске соққы жасағанымен, құрылыс нысандарында жұмыстың тоқтамағанын айтады.

«Біз жұмыста болдық. Қызметкерлерге, жұмысшыларға айлығы уақытында түсіп тұрды. Біздің жұмысшылар ылғи сұраныс ие», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар