Қазақстанда жемқорлар 2019 жылы бюджетке 5 млрд теңге шығын келтірген – агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, жемқорлардың әрекетінен 2019 жылы мемлекетке 5 млрд теңге залал келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жекелеген теріс пиғылды лауазымды адамдар көрсеткен сенімді жеке пайда табу мақсатында мемлекет пен қоғамның мүдделеріне қайшы пайдалана отырып, бюджет қаражатын жымқыруда. Мұндай іс-әрекеттердің салдары ұлттың денсаулығына, болашағына, қоршаған ортаға жеке заңды тұлғалардың және мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төндіреді. Олардың әрекеттері орасан зор экономикалық зиян келтіріп, дамуды тежейді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде жемқорлық фактілері бойынша 455 қылмыстық іс тергеуде болған. Олардың 319-ы сыбайлас жемқорлық бойынша тіркелген. 235 іс аяқталып, 192-і сотқа жолданды», - деді Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, осы қылмыстар бойынша мемлекетке келтірілген залал сомасы – 5 млрд теңгені құрайды.

«Қазіргі уақытқа дейін 4 млрд теңгедей сома бюджетке қайтарылды. Қазіргі кезде жүздеген миллион теңгеге қатысты істер тергелуде. Жемқорлық фактілердің көбі тендерлерді бөлумен, шарттарды заңсыз жасаумен, жұмыстың орындалғаны туралы жалған актілермен, жалақы мен іссапар шығындарын заңсыз есептеумен байланысты», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар