Қазақстанда жайылым тапшылығы мәселесі қалай шешіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жайылым тапшылығы мәселесін шешуге қатысты Үкімет жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайылым жерлермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша сараптама жүргізілді. Оған сәйкес, республикадағы жекелеген ауылдық округтер жайылым жерге мұқтаж болып отыр. Бұл оңтүстік өңірлерде ерекше байқалады. Ауылдық округтердің жайылым жерге қажеттілігін «Жайылымдар туралы» Заңға сәйкес әзірленген жоспар аясында жайылым жерлерді қайта бөлу есебінен толықтыру көзделеді», - деді Үкімет басшысы депутаттардың сауалына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, жүргізілген сараптама жергілікті атқарушы органдардың жоспарларды қабылдау және бекіту жұмысындағы кемшіліктерді көрсетіп берген.

«Атап айтқанда, ауылдық округтер шегінде жоспарлар әзірленіп, бекітілмеген, заңнама талаптары бұзылған. Соған байланысты 65 лауазымды тұлға, оның ішінде министрлік қызметкерлері жауапқа тартылды. Жоспарларды әзірлеу барысындағы кемшіліктерді жою мақсатында министрлік Парламент Мәжілісінің аграрлық комитетімен бірлесіп, Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Дамса ауылдық округы бойынша жоспар жобасын әзірледі. Ол облыстардың барлық әкімдіктеріне үлгі ретінде жіберілді», - деді Асқар Мамин.

Премьер-Министрдің айтуынша, осы жылдың 1-тоқсанында жергілікті аққарушы органдар Дамса ауылдық округі жоспар жобасына сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған жоспарларын әзірлеп, бекітуді көздеп отыр.


Соңғы жаңалықтар