Қазақстанда жасалған мыңнан аса жедел жәрдем көлігі пайдалануға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың қараша айына дейін елдегі ауруханалар мен емханалар үшін мыңнан аса отандық өндірістегі жедел жәрдем көлігі сатылып алынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің министрлік күзгі кезеңге барынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елдегі ауруханалардағы төсек орындардың саны 54 178-ке жетеді. Бұл дегеніміз – қазір қолданыстағы 16 304 инфекциялық төсек орын, жаңадан салынып жатқан инфекциялық нысандағы 2790 жаңа төсек орын мен басқа стационарлардағы 32 064 төсек орын. Жан сақтау бөліміндегі төсек орындардың саны 2981-ге жеткізіледі. 2020 жылдың 9 қыркүйегіндегі жағдай бойынша республикада 19 066 инфекциялық төсек орын болса, оның 15 пайызында пациенттер жатыр», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдетудің 3379 аппараты бар. Қосымша тағы 2619 аппарат сатылып алынғалы жатыр. Оның ішінде 1500 аппарат отандық компанияларда өндірілген.

«Жедел жәрдем қызметі туралы айтар болсақ, 2020 жылы отандық өндірістегі 1167 дана санитариялық автокөлікті сатып алу көзделіп отыр. Олардың бәрі де осы жылдың қараша айына дейін (ауруханаларға) жеткізіледі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар