Қазақстанда жаңа көліктерге сұраныс деңгейі белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылғы 7 айда Қазақстанда 621мың автокөлік тіркеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 621 982 автокөлікті тіркеуге қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 24,7 пайызға кем. Оның ішінде 559 595-і бірнеше рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 27,4 пайызға (770 мың көлік) төмендеді. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 62 387-ні құрады. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 12,5 пайызға жоғары», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.

Биылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан аумағында 26 электромобиль тіркелген екен.

«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамын (67,6 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.

Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі 233 097 көлік (41,7 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 26 пайызды (145 439 көлік) құрады.

Ал 4-тен 7 жылға дейінгілер – 96 747 көлікке (17,3 пайыз), 8-ден 10 жылға дейінгілер – 55 383 көлікке (9,9 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көлік саны 26 242-ге жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,5 пайыз (2 687 автомобиль) болды.


Соңғы жаңалықтар