Қазақстанда жаңа көліктер саны тұрақты артып келеді - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда коммерциялық автотехника паркінің жаңаруы басталды. Бұл туралы ІІ Қазақстандық халықаралық автомобиль форумында «Астана Моторс» компаниясының маркетинг және даму жөніндегі директоры Анар Мақешева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, 2016 жылы тіркелген коммерциялық техника автомобильдерінің саны 100 мыңнан асты. Бұл өткен жылы тіркелген жалпы көлемнің 13 пайызын құрайды. Заңды тұлғаларға қайта тіркеу 30 пайызды қамтыды, ал жеке тұлғаларға 70 пайыз тиесілі болды. Яғни, бұрын қолданыста болған автомобильдер де аталған статистикада ескерілген. Тіркелген көліктердің 54 пайыздан астамы 10 жылдан асқан автомобильдерді қамтыды. Сонымен қатар, 3 жылға дейінгі көліктердің үлесі 15 пайызға жеткендігі қуантарлық жағдай. Бұл өз кезегінде парк біртіндеп жаңарып келе жатқандығын байқатады. Осы орайда алдағы 10 жылда паркті жаңартуға бағытталған стратегия жүзеге асырылады деген үміттеміз»,-деді А. Мақашева.

Белгілі болғандай, қазіргі кезде Қазақстанда коммерциялық автотехниканың 80 пайызы 10 жылдан асқан автомашиналарды құрап отыр. Қолданыс мерзімі 3 жылға дейінгі көліктердің үлесі тек қана 3 пайыз. Дегенмен, жаңа автомобильдерді тіркеу деңгейі артып келе жатқанын ескере отырып, парктің жаңаруы үрдісі жоғарылай түсетінін атап өтуге болады.

Коммерциялық автотехника қатарына автобустар, жүк көліктері, жартылай тіркемелер, бортты платформалар, фургондар, эвакуаторлар, автоцистерналар және арнайы техника кіреді.

Соңғы жаңалықтар