Қазақстанда жаңа биозертхана ашу не үшін қажет – Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының мамандары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде Қазақстанда аса қауіпті вирустардың үлгілерін зерттеуге арналған жаңа зертхана салу жөніндегі жоспар қызу талқылануда. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл адамдарға қауіп төндіреді, ал басқалары онда биологиялық қару әзірленеді деп санайды. StopFake.kz сайтында М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының мамандары қазақстандықтарды алаңдатып отырған жаңа биозертхана туралы сұрақтарға жауап берді.


Зертхана не үшін қажет?

М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Нұркелді Төребеков жауап берді.

– Пандемияға қатысты қазіргі жағдай түрлі жұқпалы аурулардың трансшекаралық таралу қаупі өте жоғары екендігін көрсетіп отыр. Соңғы жылдары халық көші-қонының өсуіне, халықаралық бизнестің, сауданың және т.б. дамуына байланысты аса қауіпті қоздырғыштардың әкеліну қаупі бар. Біз басқа мемлекеттермен тығыз байланыстамыз. Бұдан басқа, Қазақстан аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба, Омбы геморрагиялық қызбасы, оба, туляремия, сібір жарасы, бруцеллез сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары да жоқ емес. Аса қауіпті бактериялық инфекцияны диагностикалау және зерттеу үшін елімізде биологиялық қауіпсіздіктің 3-ші деңгейі, BSL-3 зертхана жұмыс істеп тұр. Ал аса қауіпті вирустық инфекцияларды зерттеу үшін биологиялық қауіпсіздіктің неғұрлым жоғары деңгейдегі зертхана қажет, халықаралық стандарт бойынша бұл BSL-4. Мұндай зертханалар бүкіл әлемде бар, жалпы саны саны 60-қа жуық, соның ішінде көрші елдер – Ресей мен Қытайда. Ал бізде әзірге жоқ. Ол не үшін қажет? Себебі біз аса қауіпті микроорганизмдерді әдеби дереккөздер арқылы зерттеп, шетелден диагностикалық сынақтар мен вакциналық препараттарды алып қана қоймай, өзіміздің, отандық өнімдерді әзірлеп, дамытуымыз керек. Мұндай зертхана қысқа мерзімде диагностика жүргізуге, жаңа және белгісіз жұқпалы ауруларды анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол қазірдің өзінде белгілі және сары қызба, Эбола, Марбург безгегі, Ласса, және т.б. осындай елге әкелінуі ықтимал дерттерді зерттеуге мүмкіндік береді. Оларды зерттеу бізге өзіміздің отандық вакциналық, сондай-ақ дәрілік препараттарымызды әзірлеуге жол ашады. Пандемия кезінде мемлекеттер белгілі бір кезеңде бір-бірінен оқшауланып қалды, осындай жағдайда препараттарды өзің зерделеп, әзірлеу мүмкіндіктері болмаса, өте қиын. Сондықтан биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіміз үшін BSL-4 деңгейіндегі зертхана салудың стратегиялық мәселесі туындап отыр.

Жаңа биозертхана мамандары немен айналысады?

М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы бас директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Галина Ковалева жауап береді.

Зертхананың негізгі миссиясы ел тұрғындарының қоғамдық денсаулығын қорғау мақсатында адамдар мен жануарлар арасында осы қауіпті аурулардың таралуының алдын алу үшін сараптамалық-диагностикалық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және аса қауіпті микроорганизмдерді, белгісіз және жаңадан пайда болатын инфекциялық ауруларды сәйкестендіру болып табылады. Мысалы, қауіпті вирустық инфекциялар бар деген күдікпен адамдар мен жануарлардан алынған биологиялық материалдар зерттеледі. Диагностиклаудан басқа вакциналық препараттар, дәрілік препараттар, диагностикалық тест-жүйелер де әзірленеді. Жұмыс вирустарға бағытталады. Ал бактериялық инфекциялармен BSL-3 деңгейіндегі зертхана айналысады. Қазіргі уақытта елімізде антибиотиктер түріндегі аса қауіпті бактериялық инфекцияларды емдеуге және алдын алуға арналған құралдардың және бұрын қолданылған вакциналардың кең спектрінің арсеналы мол. Өкінішке орай, бүгінгі таңда пандемия көрсеткендей, адамзат дамыған және тіркелген вирусқа қарсы препараттар мен вакциналардың болмауына байланысты аса қауіпті вирустық инфекцияларға қарсы қорғансыз болып отыр. Мемлекеттің осындай мәселені көтеріп отырғаны өте жақсы. Демек, вирустық инфекциялар қоздырғыштарының жиынтығы биологиялық қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейіндегі зертханада шоғырланады, ол жерден виурстың сыртқа таралу ықтималдығы нөлге тең.

Зертханада биологиялық қару әзірлене ме?

М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Нұркелді Төребеков жауап береді.

– Жоғарыда аталған барлық инфекциялар патогенділіктің бірінші тобына (адамдарға қауіп төндіретін аса қауіпті микроорганизмдер – авт.ескертуі) жатады. Біз биологиялық қару жасауға қызығушылық танытып отырған жоқпыз. Керісінше, біз өз вакциналарымызды, дәрі-дәрмегімізді және диагностикалық құралдарымызды алуға мүдделіміз. Мұндай мәселенің туындауы да мүмкін емес. Қазақстан халықаралық ұйымдармен химиялық, биологиялық және ядролық қарудың таралуына жол бермеу туралы жазбаша уағдаластық жасасқан. Бізде біреуі қару ретінде қолданылуға қатысты болатындай екі мақсатты ғылыми тақырыптық әзірлемелер жоқ. Барлық ғылыми тақырыптар міндетті түрде бекітіледі. Қос мақсаттағы зерттеу жүргізу тәуекелін бағалаусыз бірде-бір ғылыми тақырып бекітілмейді.

Биозертханада қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі? Патогендердің кездейсоқ сыртқа шығып кету мүмкіндігі бар ма?

М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Нұркелді Төребеков жауап береді

– BSL-4 – оқшауланудың ең жоғары, төртінші деңгейдегі зертхана. Біріншіден, мұндай зертханадағы жұмыстарға құзыретті органдардың мұқият іріктеуі мен тексеруінен өткен белгілі бір рұқсаты бар персонал ғана жіберіледі. Зертхананың өзінде үшінші класты биологиялық қауіпсіздік шкафтары қолданылады, қызметкерлер оң ауа қысымы бар оқшауланған костюмдерде жұмыс істейді. Бұл зертханадағы ауа арнайы жабдықтың көмегімен мұқият көп сатылы дезинфекциядан өтеді. Ағынды сулар мұқият зарарсыздандырылады. Сондай-ақ, онда зертханадан сыртқа ештеңе шығып кетпес үшін ерекше типтегі автоклавтар, қысымның айырмашылығы бар өтпелі шлюздер болады. Кез келген қоздырғыштың зертханадан тыс жерге шығу қаупін болдырмау үшін бірнеше қорғаныс деңгейі жасалады. Адами фактор болмайды. Жүйе жұмысы қысым немесе басқа нәрсе бұзылған жағдайда, адамдар зертханаға кіре алмайтындай етіп жасалған.

Зертхананы АҚШ басқара ма?

Жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар