Қазақстанда «жалғызбасты ана» түсінігі енгізілмейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда «жалғызбасты ана» түсінігі енгізілмейді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалғысбасты ана» деп заңнамалық айқындау, әлеуметтік қорғау және өзге әлеуметтік игілік ұсынуды жақтамаймыз. Өз деңгейімде мұндайды қолдамайтындығымызды айта аламын. Түптеп келгенде біз өзінің мәдениетін, отбасылық құндылықтарын, отбасылық қарым-қатынасын, бала толыққанда өсуі үшін әкенің де, ананың да тәлім-тәрбиесін насихаттайтын елміз. Баланың некеден тыс немесе басқа да жағдайда дүниеге келуін ынталандырмауымыз қажет. Міне дәл осыған орай Қазақстанда «жалғызбасты ана» қарастырылмайтындығын өз деңгейімде айта аламын», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Дегенмен, департамент басшысы Қазақстанның Еңбек кодексінде «баланы жалғыз тәрбиелейтін ана», «толық емес отбасы» деген түсініктердің бар екендігіне назар аудартты.

«Бұл аталған аналардың, әсіресе жұмыс істейтін аналардың жұмыс берушілер тарапынан қорғалуы үшін, оларды заңсыз жұмыстан шығарып жібермеуі үшін жасалған. Қажеттілік туындаған жағдайда икемді жұмыс кестесіне ауысу мүмкіндігі немесе қысқартылған жұмыс кестесімен еңбек етуі көзделген. Бұдан бөлек «толық емес отбасы» деген түсінік бар. Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, жалғызбасты аналармен қатар баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер де бар. Олар да толық емес отбасыға жатады. Онда ажырасудан бөлек, өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты жұбайы өмірден озып, баласымен қалған ерлер де кездеседі. Бірақ, әлеуметтік қорғау үшін «жалғызбасты ана» түсінігі қарастырылмайды», - деді Асқар Ниязов.


Соңғы жаңалықтар