Қазақстанда зауыттар биыл қанша мұнай өңдеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, биыл елдегі зауыттарда мұнай өңдеу көлемі 17,1 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 5 пайыздық өсімді көрсетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың арқасында өңдеу қуаты мен тереңдігі артып, К-4 және К-5 стандарттары бойынша мұнай өнімдерінің жоғары сапасы қамтамасыз етілді. Өздеріңіз білетіндей, жаңғырту жұмыстары 2015 және 2016 жылдары бірнеше рет кейінге қалдырылып барып, аяқталған болатын. «Қазмұнайгазбен» бірге жеделдету бойынша шаралар қабылданды. 2017 жылы Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын, 2018 жылы Шымкент зауытын жаңғырту аяқталды», - деді Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 17,1 млн тоннаны құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 5 пайыз өсім көрсеткен.

«Мұнай өнімдерін өндіруге келсек, өткен жылмен салыстырғанда бензин - 15 пайызға, дизель отыны - 10 пайызға, әуе отыны - 75 пайызға ұлғайды. Бұрын ішкі нарық импортқа тәуелді еді. Жекелеген мұнай өнімдері бойынша импорт үлесі 40 пайызға дейін жеткен кездер болған. Қазір жағдай басқаша. Биыл өндірісті қолдау үшін автобензин бойынша экспорт ашылды. Ай сайын шамамен 20-30 мың тонна автобензин экспортқа шығарылады. Жалпы, орта мерзімді перспективада ішкі мұнай өнімдері нарығында профицит болжануда», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар