Қазақстанда волонтерліктің жаңа инфрақұрылымы жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда волонтерліктің жаңа инфрақұрылымы құрылады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің күш-жігеріміз волонтерлік қозғалысты белсенді дамыту үшін қолайлы орта құруға бағытталатын болады. Өзара көмектің жаңа мәдениетін қалыптастыру және бұл процеске еліміздің жауапкершілігі бар әрбір азаматын кеңінен қатыстыру міндеті тұр. Бұл үшін біз волонтерліктің жаңа инфрақұрылымын құрамыз. Бүгін біз волонтерлік бағдарламалар мен жобаларды үйлестіру және мониторингілеу бойынша республикалық кеңсені ашамыз», - деді Мемлекет басшысы волонтерлердің «BIRGEMIZ» республикалық фронт-кеңсесін ресми іске қосу шарасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылғандығын баса айтты.

«Кез келген азамат өз идеясын немесе нақты волонтерлік жобасын жүзеге асыру үшін осы жерге жүгіне алады. Еліміздің ЖОО-ларында, колледждерінде, мектептерінде волонтерлік бірлестіктер құру жоспарланып отыр. Бұған қоса, осы жылдан бастап бірыңғай волонтерлік портал жаңғыртылады. Онда жаңа жобалар, оларға қатысу мүмкіндіктері туралы барлық ақпарат жинақталған. Мұның барлығы еліміздегі волонтерлік қозғалыстың тұрақты, тиімді инфрақұрылымдық желісін қалыптастыратын болады», - деді Қазақстан Президенті.


Соңғы жаңалықтар