Қазақстанда ветеринарлардың орташа жасы - 58

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев ветеринар мамандардың жетіспеушілігін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде ветеринарлық қызметтердің жұмысы қатты сынға ұшырап жатыр. Эпизоотиялық мәселелерді алға тартқан мұндай қызметтер заңға қайшылық туындатып, ветеринарлық-алдын алу шараларын толыққанды жүргізбейді. Мал басы толық қамтылмайды. Жағдайды жақсы қылып көрсету мақсатында көптеген қауіпті аурулардың таралуын жасыру фактілері орын алуда», - деді Әли Бектаев партияның XVI есеп беру-сайлау съезінде.

Сонымен бірге, партия өкілі ауылдарда мал санағы дұрыс жүргізілмейтінін және мамандар жетіспейтінін атап өтті.

«Бір ғана мысал, бүгінде елімізде ветеринар маманның орташа жасы – 58. »Дипломмен ауылға« бағдарламасын жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың жұмысын қатаң бақылауға алу қажет. Аталған бағдарлама елімізде 10 жылдан бері жүргізіліп келеді. Негізгі мақсат – ауылды гүлдендіріп, кадр жетіспеушілігін жою.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 10 жылда 60 мыңнан астам жас маман ауылдық жерлерде денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамту, мәдениет, спорт және агроөндірістік кешен саласында жұмыспен қамтылған», - деді ол.

Ведомство статистикасына сәйкес, олардың көбі Түркістан облысына (6 703), Алматы (6253), және Батыс Қазақстан облысына (5 184) тартылған. Алайда, қазір Қостанай, Павлодар және Солтүстік-Қазақстан облыстары кадр тапшылығын тартып отыр.

«Соңғы жылдары дипломмен ауылға жол тартқан жастардың қатары аса көп емес. Жеңілдетілген бағдарлама бойынша олардың қаншасы баспаналы болғандығы туралы ресми ақпарат жоқ. Біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы, ветеринария және агроөндірістік кешен үшін техникалық мамандарды дайындау сапасына бақылау жүргізуді ұсынуымыз қажет. Бұл ретте кәсіптік тәжірибе, еңбекпен қамту және түлектерді ауылдық жерлерге орнықтыру жұмыстары да шет қалмауы керек», - деді Әли Бектаев.

Айта кетейік, елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезі басталды.

Съезд жұмысы аясында партияның төрағасы сайланып, саяси кеңестің жаңа құрамы бекітіледі және партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар