Қазақстанда венчурлық қаржыландыру АХҚО базасында дамытылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов елімізде венчурлық инвестициялар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілші

«Венчурлық қаржыландырудың мән-жайы белгілі, осы орайда 100 идеяның арасында бір-екеуі жүзеге асса, оның өзін жақсы деп бағалау керек. Егер бір немесе екі кәсіпкер 10-100 адамды қамтыған бизнесті құрса, бұл көрсеткіш нәтижелі. Сондықтан да қазіргі кезде қандай да бір индикаторларды белгілеу қиындау болады. Бүгінде тиісті жұмыстар жүріп жатыр және осы шараларды қадағалап отырмыз. Біз венчурлық қаржыландырумен немесе өздерінің идеяларын ілгерілетумен айналысуға ниет білдірген барлық адамдарды назарымыздан шығармаймыз», - деді А. Әріпханов.

Осы орайда, ол АЭФ аясында холдинг екі сессия өткізгенін, оның бірі Қазақстанда венчурлық қаржыландыруды дамыту рөліне арналғанын жеткізді. Сонымен қатар, А. Әріпханов «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ қайта форматтаудан өткенін, қазіргі кезде оның атауының «QazTech Ventures» АҚ-ға ауыстырылғанын еске салды.

«Біз Astana Hub және АХҚО алаңында еліміздегі венчурлық қаржыландыруды дамытуға ниеттіміз. Осыған байланысты Сингапурдан, Таиландтан және Оңтүстік Кореядан біздің шетелдік серіктестерді шақырдық. Осы елдерде венчурлық қаржыландыру мемлекет тарапынан белсенді қолдауға ие. Бұл тұрғыда қажетті инфрақұрылым құруға қолдау жасалады. Осы салада қаржыландырумен қамтамасыз етуден бөлек, заңнамалық және басқа да жәрдем шаралары қажет», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде инновациялық технологиялардың қарқын алуы үшін арнайы алаңдар іске қосылған.

«Өз жобасын қаржыландыру мүмкіндігі жоқ, алайда идеясы бар адамдар стартаптар үшін қажетті қаржыға қол жеткізеді. Стартап даму жолына түскеннен кейін, коммерцияландыру кезеңі басталады. Бұл тұрғыда біз «Бәйтеректің» барлық тетіктерін іске қосамыз», - деді Айдар Әріпханов.

Соңғы жаңалықтар